Қазақстанның Марокко мен Кубадағы елшілері тағайындалды

111
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/45clHMJKj084usOJAAeKBXxxzzIhAmYV7eBwoqNc.jpg

Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстанның Марокко Корольдігі мен Куба Республикасындағы төтенше және өкілетті елшілері тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Айнұр Нұрланқызы Даненова Қазақстанның Марокко Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Ал Олжас Әзілұлы Исабеков Қазақстанның Куба Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне кірісті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының жарлығымен Андриан Копмағамбетович Елемесов Қазақстанның Куба Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылды.

Айнұр Даненова 1980 жылғы 7 желтоқсанда Қостанай қаласында дүниеге келген. Париждегі Сорбонна университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Ол 2003–2011 жылдары Халықаралық көші-қон ұйымы, БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы, БҰҰ Даму бағдарламасы және БҰҰ Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының Қазақстандағы құрылымдарында жұмыс істеген. 2014–2019 жылдары Қазақстанның Женевадағы БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінде екінші және бірінші хатшы қызметтерін атқарған. Кейін сыртқы істер министрінің кеңесшісі, гуманитарлық ынтымақтастық және адам құқықтары басқармасының басшысы болған. 2020–2025 жылдары Қазақстанның Франциядағы елшілігінде кеңесші-уәкіл қызметін атқарды. Француз, ағылшын және испан тілдерін меңгерген.

Олжас Исабеков 1979 жылғы 26 маусымда дүниеге келген. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен Ресей сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын бітірген. Дипломатиялық қызметін 2000 жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде бастаған. 2004–2012 жылдары Қазақстанның Испания мен АҚШ-тағы елшіліктерінде жұмыс істеген. 2012–2013 жылдары ConocoPhillips North Caspian Ltd. компаниясының сыртқы және үкіметтік байланыстар жөніндегі директоры болған. 2013–2019 жылдары Сыртқы істер министрлігінің сыртқы экономикалық саясат департаментін басқарған. Премьер-министр кеңсесінде, Қазақстанның Куба мен Мексикадағы елшіліктерінде, сондай-ақ Kazenergy қауымдастығында қызмет атқарған. 

댓글
기타 기사