«TOLYQ ADAM-2026». AlmaU-да жоғары білім беруді трансформациялау мәселелері талқыланды

157
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4mpqBnMwyRocWboJlWaGA7dJngBhhBV2xzjaLZLh.jpg

2026 жылғы 30–31 қазанда Almaty Management University (AlmaU) университетінде «Болашақ университеті – тұтас тұлғаны қалыптастыру ортасы: Ұлы дала мұрасы және заманауи шешімдер» тақырыбындағы TOLYQ ADAM-2026 халықаралық конференциясы өтті. 

Іс-шара зерттеушілерді, университет басшыларын және халықаралық сарапшыларды біріктіріп, болашақ білім берудің қандай болуы керектігін, сондай-ақ оның дамуында Қазақстанның философиялық мұрасы, Ұлы дала тәжірибесі мен заманауи білім беру тәсілдері қандай рөл атқара алатынын талқылауға мүмкіндік берді. Конференцияны AlmaU-дың School of Social Sciences and Transformative Humanities мектебі мен Tolyq Adam Institute ұйымдастырды.

Талқылаудың негізгі өзегіне университеттің миссиясы кәсіби білім берумен және мамандар даярлаумен ғана шектелмейтіні туралы идея айналды. Жоғары білім берудің маңызды міндеттерінің бірі – студенттердің дербес ойлауын, адамгершілік жауапкершілігін, диалог құру қабілетін және қоғам өміріне саналы түрде қатысуын дамытуға жағдай жасау.

Қазақстан Республикасы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайхан өз сөзінде:

«Университеттің міндеті – тек сапалы білім беру ғана емес, сонымен қатар жауапкершілігі жоғары, адамгершілік құндылықтарды ұстанатын және әлеуметтік тұрғыдан кемел тұлғаларды тәрбиелеу. Зияткерлік даму адамның эмоционалдық және тұлғалық дамуымен қатар жүруі тиіс. AlmaU-дың THE Awards Asia 2026 халықаралық сыйлығының жеңімпаз атануы – университеттің ізгілендіруге негізделген білім беру ұстанымының айқын дәлелі. Абай философиясындағы ең маңызды өсиеттердің бірі – адамзатты сүюді өмірлік басты ұстаным ету. Оның сөздері тек өткен дәуірдің ой-толғамдарын білдіріп қана қоймайды. Олар бүгінгі күні де әрқайсымызға тікелей үн қатып, білімнің мақсаты адамды тек жан-жақты білімді етіп қана қоймай, кәсіби білікті, жауапты әрі адамгершілігі мол тұлға ретінде қалыптастыру екенін еске салады» – деп атап өтті.

Конференцияның алғашқы күні заманауи білім берудің маңызды сұрақтарының біріне жауап іздеуге арналды: жасанды интеллект дәуірінде университет түлегі қандай адам болып қалыптасуы керек? Қатысушылар кәсіби құзыреттерді сыни ойлаумен, адамгершілік құндылықтармен және әлеуметтік жауапкершілікпен қалай ұштастыруға болатынын, сондай-ақ бұл үдерісте Абай философиясы мен Ұлы даланың зияткерлік мұрасы қандай орын алатынын талқылады.

«Білімді болу – тек көп білу ғана емес, сол білімді қоғам игілігіне жарата білу. Сондықтан университеттің міндеті – білім берумен ғана шектелмей, өз бетінше ойлай алатын, адамгершілік тұрғыдан дұрыс шешім қабылдайтын және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін тұлғаны қалыптастыру» – деді AlmaU ректоры Тимур Булдыбаев.

AlmaU негізін қалаушы әрі президенті Асылбек Кожахметов Абайдың ақыл, жүрек және қайрат бірлігін дәріптейтін «Толық адам» тұжырымдамасына тоқталды.

«Біз технологиялар, жаңа мамандықтар мен болашақтың дағдылары туралы жиі айтамыз. Алайда осы өзгерістердің артында ең басты сұрақ қалады: университет түлегі қандай адам болып қалыптасуы керек? Біз Абай философиясын кәсіби білім адамгершілік бағдарлармен, дербес ойлаумен және қоғам алдындағы жауапкершілікпен толықтырылатын білім беру моделінің негізі ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті ол.

Осы философиялық идея AlmaU-да жүзеге асырылып келе жатқан, студенттердің жан-жақты дамуына бағытталған Tolyq Adam білім беру моделінің негізіне айналды.

Конференцияның негізгі баяндамасын Орталық Еуразия мен түркі-моңғол әлемінің тарихын зерттеуші, профессор Joo-Yup Lee ұсынды. Ол тұтас тұлға тұжырымдамасын түркі және қазақ көшпелі қоғамдарының тарихи контексінде қарастырып, болашақ адамына қатысты тың идеялардың қайнар көзі ретінде тарихи мұраға назар аударуды ұсынды.

«Көшпенділер жан-жақты дамыған, жауынгерлік, аңшылық, мал бағу және қолөнер шеберлігін қатар меңгерген тұлғалар болды. Үнемі тәжірибе жинақтау, тәртіп пен үздіксіз үйрену олардың кәсіби шеберлігін шыңдап, стратегиялық ойлау қабілетін дамытты әрі қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануға үйретті. Мықты көшбасшылар мен оларға адал ізбасарлардың бірлігі арқасында қазақ халқы жеке ұлт ретінде қалыптасып, ғасырлар бойы өзінің болмысын, бірегейлігін және дербестігін сақтап қалды» – деп бөлісті ол.

Тарихи тақырыпты Париж-Нантер университетінің профессоры Marie Favereau жалғастырды. Ол онлайн форматта Алтын Орда мысалында өткен мен болашақтың өзара байланысына арналған баяндама жасады. Цюрих университетінің әлеуметтік және мәдени антропология профессоры Peter Finke «Даладағы әлеуметтік өмір: заманауи әлемге арналған үш сабақ» тақырыбында баяндама жасап, көшпелі қоғамдардың тәжірибесіне тоқталды.

Мәдени мұраның тұлға қалыптастырудағы ықпалы туралы AlmaU-дың Professor of Practice, мәдениеттанушы, философ, қазақ мифологиясы мен дәстүрлі мәдениетін зерттеуші, PhD дәрежесі бар профессор Zira Nauryzbai сөз сөйледі. Оның баяндамасы қазақ мәдениетіндегі тұлға қалыптастырудағы музыканың рөліне және Ұлы дала дүниетанымындағы музыкалық мұраның маңызына арналды.

Пікірталасқа сондай-ақ көшпелі педагогика мен жоғары білім берудің жаңа модельдерін зерттейтін Лондон өнер университетінің профессоры Mark Ingham; Орталық Азия тарихы мен өркениеті саласының маманы, Ұлттық шығыс тілдері мен өркениеттері институтының профессоры Catherine Poujol; сондай-ақ Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қауымдастырылған профессоры Ainash Mustoyapova қатысты. Ол көшпелі өркениетті, тарихи жадты және қазақ бірегейлігін зерттейді.

Тарихи-философиялық талқылаудан кейін қатысушылар тұтас тұлға идеясын университеттік ортада іс жүзінде жүзеге асыру мәселелеріне көшті.

AlmaU-дың білім беру моделін университеттің School of Social Sciences and Transformative Humanities мектебінің деканы Айжан Сапаргалиева таныстырды.

«Tolyq Adam білім беру бағдарламасы AlmaU-да 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама Абайдың философиялық мұрасын заманауи білім беру әдістемелерімен ұштастырып, тұтас тұлғаны дамытуға бағытталған. 2026 жылы Tolyq Adam Times Higher Education Awards Asia халықаралық сыйлығының «Teaching and Learning Strategy of the Year» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. AlmaU Орталық Азияда бұл марапатқа ие болған алғашқы университет болды», – деп бөлісті ол.

Конференция аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – «TOLYQ ADAM: A University Model for Whole-Person Education – Conceptual Foundations, Methodology, Evidence and Implementation» атты кітаптың тұсаукесері болды. Кітап авторлары – доктор Айжан Сапаргалиева, доктор Альмира Табаева, Мария Шмидт, доктор Меруерт Сейдуманова және медицина ғылымдарының кандидаты Шолпан Сағатова. Авторлар қазақстандық тұтас білім беру моделінің философиялық негіздерін, әдіснамасын және оны білім беру үдерісіне енгізу тәсілдерін таныстырды.

Қазақстандық модельді талқылаудан кейін қатысушылар халықаралық тәжірибеге назар аударып, әртүрлі елдердің университеттері адамзаттық құндылықтарды оқу бағдарламаларына қалай енгізетінін қарастырды.

Bard College жанындағы Жазу және ойлау институты (Institute for Writing and Thinking, IWT) директорының орынбасары әрі гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарын оқыту педагогикасы орталығының тең директоры Michelle Hoffman болашақ университетіндегі жазудың рөлін жаңаша пайымдауға арналған баяндамасын онлайн форматта ұсынды. Ол жазудың ойлауды дамыту мен саналы оқуға ықпал ететін құрал ретіндегі маңызына тоқталды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика кафедрасының профессоры Гүлнар Мұратбаева болашақ мұғалімдерді дайындаудағы «Толық адам» тұжырымдамасының білім беру әлеуеті туралы айтты.

Гонконг педагогикалық университетінің (EdUHK) гуманитарлық ғылымдар факультеті деканының міндетін атқарушы әрі Білім беруді дамыту және инновациялар академиясының атқарушы тең директоры Pamela Pui Wan Leung студенттердің бойында құндылықтарды қалыптастыру тәсілдерін таныстырды.

Оқу бағдарламаларын реформалау тәжірибесімен Symbiosis халықаралық университетінің деканы, профессоры, Оңтүстік Азия және АСЕАН елдерімен халықаралық байланыстар мен әріптестікті дамыту бағытының жетекшісі доктор Asmita Dani бөлісті.

«Қазіргі әлемде цифрлық дағдыларды меңгеріп, жасанды интеллектіні қолдана білу жеткіліксіз. Сонымен қатар эмоционалдық интеллектіні, эмпатияны және өзге адамдарды түсіне білу қабілетін дамыту аса маңызды. Білім беру үдерісі зияткерлік дамуды адамгершілік құндылықтармен, эмоционалдық кемелдікпен және қоғам алдындағы жауапкершілікпен ұштастыра отырып, жан-жақты дамыған тұтас тұлғаны қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Технологиялар біздің мүмкіндіктерімізді кеңейткенімен, оларды қалай пайдаланатынымызды айқындайтын – адамның бойындағы адами қасиеттер», – деп атап өтті ол.

Экс-Марсель университетінің философия профессоры әрі Жиль-Гастон Гранже орталығының директоры Pascal Taranto гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдардағы инновациялар, сондай-ақ жасанды интеллект агенттерін де пайдаланатын LABΩ зерттеу платформасын дамыту туралы баяндады.

Этикалық көшбасшылық пен сыни ойлау мәселелерін Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Жүсіп Абдрахманов атындағы Мемлекеттік басқару академиясының Даму және инновациялар бөлімінің басшысы Суран Рабаев көтерді. Назарбаев Университетінің Кәсіпкерлік зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері және докторанты Айгерім Тарбағатаева Толық Адамның философиясына негізделген тұрақты болашақ үшін адамға бағытталған кәсіпкерлік тақырыбын ұсынды.

Талқылау гуманитарлық педагогика мен жасанды интеллектіні білім беруге интеграциялаудан бастап, университетаралық альянстарға, этикалық көшбасшылық пен тұрақты кәсіпкерлікке дейінгі бірнеше бағытты қамтыды. Қатысушылар үшін ортақ мәселе өзгеріссіз қалды: университеттік ортаны кәсіби дамумен қатар, тұлғалық қалыптасуға да ықпал ететін кеңістікке қалай айналдыруға болады?

31 қазанда конференция шеберлік сабақтары мен практикалық семинарлар форматында жалғасты. Қатысушылар құндылықтарға негізделген оқыту, TOLYQ ADAM әдіснамасы, жасанды интеллектіні білім беруде қолдану және тұтас тұлғаны дамыту мәселелерін талқылауды жалғастырды. Сонымен қатар халықаралық академиялық ынтымақтастыққа және заманауи білім беру тәсілдерін университеттік ортаға іс жүзінде енгізуге ерекше назар аударылды.

TOLYQ ADAM-2026 конференциясы халықаралық академиялық диалогты нығайтуға және ұлттық зияткерлік мұраны, заманауи технологияларды әрі адамды жан-жақты дамыту құндылықтарын ұштастыратын білім беру модельдерін дамытуға бағытталған.

댓글
기타 기사