«Қазақ хрестоматиясының» атасы

161
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/D3nRs7YEuCP42G0jsGDQLJEW0LNNqphck0Zbp5IE.jpg

Фото ЖИ-мен жасалған

Бүгін — Қазақтың көрнекті ағартушысы, педагог, жазушы әрі қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Ұлт ұстазы қазақ даласында білім беру ісін дамытуға, ұлттық мектептердің қалыптасуына және балалар әдебиетінің өркендеуіне зор үлес қосты.

Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы дүниеге келген. Кейбір деректерде оның туған күні 20 қазан, ал басқа деректерде 26 қазан немесе 7 қараша деп көрсетіледі. Ағартушының азан шақырып қойған есімі – Ибраһим. Ол Қостанай өңіріндегі Арақарағай мекенінде дүниеге келген.

Ыбырай Алтынсариннің ұстаздық қызметі 1860 жылы Торғайда қазақ балаларына арналған мектепте басталды. Ол балаларға білім берумен қатар, қазақ даласында жаңа үлгідегі оқу орындарын ашуға күш салды.

Ағартушының ең маңызды еңбектерінің бірі – 1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы». Бұл оқулық қазақ балаларына арналған алғашқы оқу кітаптарының бірі ретінде ұлттық білім беру тарихында айрықша орын алады. Жинаққа балалардың жас ерекшелігіне лайықталған өлеңдер, әңгімелер, аудармалар мен тәрбиелік мәні бар шығармалар енгізілді.

Ағартушының мақсаты тек сауат ашумен шектелмеді. Ол балаларға пайдалы білім беріп, қоғамның дамуына үлес қосатын азамат тәрбиелеуді көздеді.

Ыбырай Алтынсарин қазақ қыздарының білім алуына да ерекше мән берді. 1887 жылы Ырғызда қазақ қыздарына арналған мектеп-интернат ашуға ұйытқы болды. Бұл бастама сол кезеңдегі қазақ қоғамында қыз балалардың білім алу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етті. Мектепте жалпы біліммен қатар қолөнер дағдыларын меңгеруге де көңіл бөлінді.

Ағартушының педагогикалық қызметі мектептер ашумен ғана шектелген жоқ. Ол оқу бағдарламаларын әзірлеуге, оқыту әдістерін жетілдіруге және қазақ тіліндегі оқу құралдарын жасауға атсалысты.

댓글
기타 기사