Азия Пара ойындары. Қазақстан қоржынына 15 медаль түсті

176
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fB55xtijqJWI9VTQP6XtrvSP1wYTxl8WfIZ6d3DJ.jpg

Бүгін, 19 қазанда Қазақстан құрамасы Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия Пара ойындарында 15 медаль еншіледі. Бұл туралы Ұлттық олимпиадалық комитет жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Еркін Ғаббасов пара оқ атудан топ жарып, жарыс рекордын жаңартса, Давид Дегтярев пауэрлифтингтен чемпиондық атағын қорғады. Ал пара дзюдошы Ибрагим Нұрмаханұлы J2 санатында 70 келі салмақта үздік шықты.

Анастасия Калаус әйелдер арасында 4000 метрге жекелей із кесу жарысында күміс жүлдеге ие болды. Дәл осы қашықтықта ерлер арасында Кирилл Ильюкевич қола медальға ие болды.

Дзюдодан Әлфия Тілекқабыл J1 санатында 52 келіге дейінгі салмақта үшінші орын алды.

Еламан Жоламан ядро серпуден F35 санатында жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді.

Пара пауэрлифтингтен Тұрсынай Қабыл 41 келіге дейінгі салмақта күміске ие болды. Ал ерлер арасында Станислав Шакиев 59 келіге дейінгі салмақта қола жүлдені қанжығасына байлады.

Жүзуден Диас Кенжебек S10 санатында 100 метрге еркін стильде жүзуден күміс медаль жеңіп алды. Сондай-ақ ұлттық құрама 20 ұпайлық санатта 4х50 метрге кешенді жүзуден аралас командалық сайыста екінші орын алды.

Роман Потапов S11 санаты бойынша 100 метрге шалқалай жүзуден қола алды. Виктор Волков S13 санаты бойынша 100 метрге еркін стильде жүзуден үздік үштікті түйіндеді.

Осылайша, ұлттық құрама қоржынында үш алтынды қоса есептегенде 15 медаль бар.

Айта кетейік, 18 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында V Азия Пара ойындарының ашылу салтанаты өткен еді. Биыл жарысқа Азияның 45 елінен 4 мыңға жуық спортшы жиналған. Олардың арасында Қазақстаннан барған 150 спортшы бар.

댓글
기타 기사