«Ұлытау» сериясымен жарық көрген он кітаптың тұсауы кесілді

190
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ORFXHZweoKQRAqwPWjW0xa3YSQxKFbtAX0pkUvfb.jpg

Астанадағы қос іргелі рухани ордада – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жарық көрген кітаптардың таныстырылымы мен жаңа басылымдардың тұсаукесері өтті.

Ұлытаудың тарихын түгендеп, ұлт руханиятына үлес қосуды мақсат еткен басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, қаламгерлер, өнер өкілдері мен кітапсүйер қауым қатысты. Тағылымды жиында тарихи жады, әдеби мұра, туған жердің шежіресі мен ұрпақ сабақтастығы кеңінен сөз болды.

2013 жылдың қазан айында Жезқазған қаласында құрылған «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі содан бері Ұлытау өңірінің тарихын зерделеу, елге еңбегі сіңген тұлғалардың мұрасын насихаттау бағытында бірқатар игі бастаманы жүзеге асырып келеді. 2021 жылы қолға алынған «Ұлытау» кітаптар сериясы – осы еңбектің елеулі нәтижелерінің бірі.

Шараның шымылдығын модератор Сабыржан Тембаев ашып, Ұлытау өңірінен арнайы келген қонақтардың сәлемін жеткізді. Ол кітаптың адамзат өркениетіндегі орнына тоқталып, тарихи таным мен ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізудегі басылымдардың маңызын атап өтті.

– Бүгінгі басқосуға құр қол келген жоқпыз. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жарық көрген кітаптарды елорда оқырмандарына таныстырып, жаңа басылымдардың тұсауын кесуді мақсат еттік. Бұл – Ұлытаудың шежіресін түгендеп, тарихи тұлғалардың мұрасын көпшілікке жеткізу жолындағы еңбектің бір белесі, – деді модератор.

«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты Төлеген Бүкіров ұйымның осы уақытқа дейін атқарған жұмысына тоқталып, оның тарихи-мәдени бағыттағы бастамаларын таныстырды. Ол Кетбұқа ескерткішінің ашылуы, ғылыми конференциялар, күй сайыстары, ақындар мүшәйрасы мен жас өлкетанушылар байқауы секілді жобаларға тоқталып, бірлестіктің ел руханиятына қосқан үлесін баяндады.

«Ұлытау» сериясы – өңір шежіресін түгендеген еңбек

Жиын барысында 2021–2025 жылдары жарық көрген кітаптар таныстырылды. Олардың қатарында Ұлытауға арналған жырлар топтастырылған «Баба тауым – бақ тауым», «Жыр арқауы – Ұлытау» жинақтары, Мұқаш Сейтқазиновтің «Дәридай – жүрек» кітабы, «Кенесары хан» тарихи-танымдық мақалалар жинағы және Баубек Бұлқышевтің «Өмір сүргім келеді…» атты туындысы бар.

Сондай-ақ кенші ақын Мұса Тілеуовтің «Тауларға таулар тамсанар» жыр жинағы, «Жошы хан» тарихи-танымдық еңбегі мен Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени, табиғи ескерткіштері және көне қоныстары туралы деректер қамтылған «Ұлытау кереметтері» кітабы көпшілікке таныстырылды.

Аталған басылымдарда туған өлкенің өткені, ел тарихында із қалдырған тұлғалар, әдеби мұра мен тарихи мекендердің тағылымы қамтылған. Кітаптардың өңір кітапханаларына таратылуы да олардың оқырманға қолжетімді болуына жол ашты.

Жаңа басылымдар – ұрпаққа аманат

Биылғы таныстырылымның маңызды бөлігі – Астанадағы «Кәусар» баспасынан жарық көрген жаңа жинақтардың тұсаукесері болды. Халық ақыны, шежіреші, әңгімеші Иманжан Жылқайдаровтың «Толық шығармалар жинағы» мен Мұқан Иманжановтың «Адам туралы аңыз» атты кітабы оқырманға жол тартты.

Иманжан Жылқайдаров мұрасын жинақтау барысында ақынның архивтік материалдары, араб графикасындағы төте және қадим жазу үлгілері мен латын графикасындағы қолжазбалары зерделеніп, баспаға әзірленген. Жинаққа ғылыми түсініктер беріліп, шығармалардың тарихи-әдеби мәнін ашуға басымдық жасалған. Ал Мұқан Иманжановтың кітабы қаламгердің шығармашылық мұрасын оқырманға қайта ұсынуға мүмкіндік береді.

Жаңа басылымдардың мазмұны жөнінде Халықаралық түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы мен журналист, баспагер, «Кәусар» баспасының директоры Қуат Құрмансейіт сөз қозғады. Олар жинақтардың дайындалу ерекшелігіне, авторлар мұрасының әдеби және тарихи маңызына тоқталды.

Кітаптардың тұсауын кесу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Жұманазарұлы Көпеев, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Нығметоллаұлы Негимов және Қазақстан Құрылтайының депутаттары Алмат Әбдікешов пен Алмат Жөкебаев қатысты. 

Ғалымдар мен қаламгерлердің тағылымды тілегі

Кездесу барысында мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар мен өлкетанушылар сөз сөйлеп, жарық көрген кітаптардың мазмұны мен тағылымдық маңызы жөнінде баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Мұхамбет Жұманазарұлы Көпеев, Әлихан Мұхамедиярұлы Байменов, Қазақстан Құрылтайының депутаты Кендебай Сарыбайұлы Адамбек, Аманжол Дүйсенбайұлы Әлтай, Ақеділ Тойшанұлы, Төлеген Бүкіров және өзге де зиялы қауым өкілдері ізгі тілектерін білдіріп, кітап авторларының шығармашылық жолы мен еңбектерінің тарихи-әдеби маңызына тоқталды.

Сондай-ақ ақын, Бабыр би ұрпағы, «Әулиетау тылсымдары» кітабының авторы Бағдат Тілеуліұлы Байжантаев та сөз сөйлеп, Ұлытау өңірінің тарихи мұрасы мен рухани құндылықтарын дәріптеудің маңызын атап өтті. Басқосуда қатысушылар кітаптардың мазмұнына қатысты ойларын ортаға салып, тарихи мұраны сақтау, өлке тарихын тереңірек зерттеу және оны келер ұрпаққа жеткізу жөніндегі пікірлерін білдірді.

Басқосудың мазмұны тек кітап таныстырумен шектелмеді. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Жұманазарұлы Көпеевке университеттің құрметті профессоры атағын растайтын сертификат табысталып, салтанатты түрде мантия кигізілді. Бұдан кейін университетке «Ұлытау» сериясымен жарық көрген кітаптар сыйға берілді.

Әдеби-танымдық жиынның көркемдік мазмұнын өнерпаздар толықтырды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов Ақселеудің «Сарыарқасын», дәстүрлі ән мектебінің шәкірттері, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық байқаудың лауреаттары Ардақ Мұқышев пен Жандос Сұлтан әндер орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән мен сөз жарасым тапқан кеште өнер ұлттық руханияттың ажырамас бөлігі ретінде көрініс тапты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин Кетбұқаның «Сақ болғын» термесін және халық ақыны Тайжанның «Сақ, сақ» әнін орындады. Кетбұқаның ғақлия сөзіне негізделген тағылымды туынды басқосудың мазмұнымен үндесіп, көпшілікті бабалар сөзін қадірлеуге, тарихи жадыны сақтауға үндеді.

Осылайша, Ұлытаудан бастау алған рухани бастама елорданың екі ірі білім және мәдениет ордасында жалғасын тапты. Кітаптардың университет пен Ұлттық академиялық кітапхана қорына тапсырылуы олардың зерттеушілерге, студенттерге және қалың оқырманға қолжетімді болуына мүмкіндік береді.

«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің «Ұлытау» сериясы – туған жердің тарихын түгендеп, әдеби мұраны жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Әр кітаптың астарында ел тарихына деген құрмет, өткенді тануға деген ізденіс және келер ұрпаққа аманат қалдыру мұраты жатыр.

Кітап – уақыттың үнін сақтайтын, ұрпақтың санасын жалғайтын рухани көпір. Ал сол көпірді бекемдеу – тарихын құрметтеген елдің ортақ міндеті.

댓글
기타 기사