Украинадағы Starlink шектеуі. Илон Маск АҚШ билігінің қатысын айтты

189
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/t4BCFJvvtQeOKQxunqVYIsZSz8hl205D2KUwusKU.jpg

Украина қаруының кейбір түрлерінің қозғалыс жылдамдығы мен интернетке қосылу мүмкіндігіне қойылған шектеулердің артында АҚШ үкіметі тұруы мүмкін. Бұл туралы SpaceX компаниясының иесі әрі Starlink спутниктік байланыс жүйесінің операторы Илон Маск айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Starlink жүйесі Киевке Ресей нысандарына ұшқышсыз ұшу аппараттарын бағыттауға, сондай-ақ өз әуе кеңістігін қорғауға мүмкіндік береді. Алайда 13 қазан күні кешке Украина тарапы жылдамдыққа қатысты күтпеген жаңа шектеулер әскери міндеттерді орындауға кедергі келтіріп жатқанын мәлімдеген.

Маск Starlink жүйесінің әскери мақсаттағы нұсқасы — Starshield АҚШ үкіметінің бақылауында екенін айтты.

Кәсіпкер бұл туралы X әлеуметтік желісінде жазды. Ол бұған дейін Украинаның ресми тұлғаларының, соның ішінде президент Владимир Зеленскийдің байланысты қалпына келтіру туралы үндеулеріне жауап берген.

«Бұл қателік деп үміттенемін. Мүмкін, бұл күрделі техникалық ақау шығар», — деген еді Зеленский британдық БАҚ-қа берген сұхбатында.

13 қазан күні кешке Starlink жүйесі қозғалыс жылдамдығына сағатына 160 шақырым шектеу енгізген. Соның салдарынан бұдан жоғары жылдамдықпен қозғалатын кез келген қару-жарақ интернет желісіне қосылу мүмкіндігінен айырылған еді.

Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі Михаил Федоровтың хабарлауынша, 14 қазан күні кешке қарай қызметтің жұмысы ішінара қалпына келтірілген.

«Starshield жүйесіндегі жылдамдық шектеуін толығымен алып тастау қазір Украина қорғанысы үшін аса маңызды», — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Федоров Илон Маскке алғыс айтып, одан «бұдан әрі де қолдау көрсетуді» сұрады.

Шамамен бір сағаттан кейін Маск бұл жазбаға жауап берді.

«Starshield жүйелері АҚШ үкіметінің иелігінде және оның басқаруында. Жылдамдыққа немесе қолдану тәсіліне қатысты кез келген шектеуді америкалық әскерилер, түптеп келгенде, АҚШ президенті белгілейді», — деп жазды ол.

Маск Starlink жүйесі «азаматтық немесе қорғаныс мақсатындағы қызметке арналғанын және шабуылдау сипатындағы әскери операцияларда пайдаланылмайтынын» айтты. Оның пікірінше, мұндай әрекет коммерциялық компания үшін дұрыс болмас еді.

АҚШ үкіметі бұл мәселеге қатысты түсініктеме берген жоқ. Дегенмен Axios басылымына аты-жөнін жарияламаған жоғары лауазымды америкалық шенеунік Вашингтонның Украинадағы Starlink жұмысына қойылған шектеулерге қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Екі жүйе де Маскке тиесілі SpaceX компаниясының меншігінде болғанымен, олардың қызметі әртүрлі. Starlink — Жерге жақын орбитадағы спутниктер арқылы, әсіресе шалғай аймақтарда, интернетке қол жеткізуге мүмкіндік беретін азаматтық байланыс қызметі. Ал Starshield мемлекеттік құрылымдар мен әскери мақсатта пайдалануға арналған.

댓글
기타 기사