Құқық қорғау ма әлде грант қуалау ма: Варшава конференциясы кімге қызмет етіп жүр?

136
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/p3VeOTQjhbK8RAZqv21XJ5kE3UXPM8GckrpBULvh.jpg

ФОТО: OSCE.ORG

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) адами өлшем жөніндегі Варшава конференциясы дәстүрлі түрде қатысушы мемлекеттердің адам құқықтары, демократия және заң үстемдігі салаларындағы міндеттемелерін қаншалықты орындап отырғанын бағалайтын алаң. Ал әрбір елге берілетін баға оның ұлттық заңнамасы мен қалыптасқан тәжірибесінің ЕҚЫҰ аясында қабылданған міндеттемелерге қаншалықты сәйкес келетініне, сондай-ақ халықаралық сарапшылар, құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйымдар көтеретін нақты мәселелер мен жекелеген жағдайларға негізделуге тиіс еді. 

Алайда жылдар өте келе мұндай алаңдардың айналасында өзіндік орта қалыптасып, тіпті мұны жеке бір кәсіпке айналған құбылыс деуге болады. Халықаралық мінбер «құқық қорғаушы» атын жамылған тұтас бір топтың қалыптасуына жол ашты. Олар үшін конференцияға қатысу нақты мәселелердің шешімін табуға ықпал етудің мүмкіндігінен гөрі, өз беделін халықаралық деңгейде орнықтырып, гранттық қаржыландыруға қол жеткізудің құралына айналғандай. 

Мұндай алаңдардағы пікірталастың мазмұнды тұсы кейде ел ішіндегі ахуалды кім өткірірек сынайды деген бейресми бәсекеге ұқсап кетеді. «Проблемалар» неғұрлым өткір қойылып, елдегі жағдай неғұрлым қатаң сыналса, айтылған пікір де соншалықты назарға ілігіп, халықаралық аудиториядағы жаңғырығы арта түседі. Алайда тәжірибе көрсеткендей, ешбір халықаралық конференция ешкімге мінсіздіктің куәлігін бермейді, ал мінберден айтылған сөздің қатқылдығы атқарылған жұмыстың өлшемі бола алмайды. 

Бұл үрдіс құқық қорғау қызметі гранттық қаржыландырумен тығыз ұштасқан тұста тіпті айқын байқалады. Мұндай жағдайда басымдықтардың өзгеріп кету қаупі туындайды. Қоғамдағы белгілі бір мәселе жаңа жобаны іске асыруға негіз болып, жекелеген оқиғалар жүйелі сипаттағы құбылыс ретінде көрсетіле бастайды. Ал халықаралық деңгейдегі танымалдық пен алынған қаржы көлемі біртіндеп қызмет нәтижелілігін бағалаудың бейресми өлшеміне айналады. 

Варшава конференциясында жыл сайын Қазақстанға қатысты күн тәртібін, аздаған өзгерістерді есепке алмағанда, негізінен сол бір үкіметтік емес ұйымдар тобы (Қазақстанның халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы, «Ар.Рух.ХаҚ» қоғамдық қоры, «Қадір-қасиет», «Эхо» қоғамдық бірлестіктері және басқалары) мен бұрыннан белгілі белсенділер (Е.Жовтис, Б.Төреғожина, А.Ибраева, В.Тен және сол қатардағы өзге де тұлғалар) көтеріп келеді.

Жекелеген «құқық қорғау» және «қоғамдық» ұйымдарға бөлінетін шетелдік қаржыландырудың ауқымы да көп нәрсені аңғартады. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы жалпы сомасы 27,2 млрд теңге көлемінде 218 жеке және заңды тұлға шетелден қаржыландырылған. 2025 жылы шетелдік қаржыландыруды ең көп алғандардың қатарында – Қазақстанның халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы (350 млн теңгеден астам), MediaNet (шамамен 300 млн), Құқықтық саясатты зерттеу орталығы (284 млн), CAPS Unlock (175 млн), PaperLab (99 млн), «Әділ сөз» (97 млн) және «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қоры (44 млн теңгеден астам) бар. Бұл тізімде 2024-2025 жылдары USAID бағдарламаларына қатысқан «Қадір-қасиет» қоғамдық бірлестігі де кездеседі. Бұған дейін аталған ұйым агенттіктен 2,5 жыл мерзімге есептелген жобаны жүзеге асыру үшін 460 мың доллар көлемінде грант алған.

Халықаралық алаңдардың күн тәртібіне Қазақстанға мүлде жат дүниелер үнемі шығарылып келеді: ЛГБТ өкілдерін ілгерілету, трансгендерлердің құқықтары, гранттар алу мақсатында халықаралық қаржы ұйымдарының тетіктерін күшейту, діни бірлестіктер қызметінің еркіндігі және т.б. мәселелер.

Ұлт мүддесіне қарсы жұмыстанып жүргендердің басын қосқан мұндай конференция бізге қаншалықты қажет?

댓글
기타 기사