Қырғызстан тұңғыш спутнигін Калифорниядан ұшырды

175
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/l2xoiY3xCcwVUGMBGIHFYl7B3dySamb5MB06YFd6.jpg

Фото: Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі

Қырғызстанның алғашқы ұлттық спутнигі орбитаға шығарылды. Ғарыш аппараты АҚШ-тың Калифорния штатындағы Ванденберг әуе күштері базасынан ұшырылған SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыран-тасығышымен ғарышқа жіберілді. Ұшыру рәсіміне Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қатысты. Бұл туралы Ферғана агенттігі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Зымыран 1 қазанда Калифорния штатындағы Ванденберг әуе күштері базасынан ұшырылды. Қырғызстанның спутнигі Falcon 9 арқылы орбитаға шығарылған бір топ ғарыш аппаратының құрамында болды.

Мәлімет бойынша, бұл – Қырғызстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бірлескен жобасы. Спутниктің жұмысын үйлестіру үшін Бішкекте басқару орталығы құрылды.

Ұлттық спутниктің іске қосылуы Қырғызстанға ғарыштық деректерді пайдаланудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Атап айтқанда, спутник арқылы алынған ақпарат ауыл шаруашылығы алқаптарын, мұздықтарды, су нысандарын, ормандар мен жайылымдарды бақылауға, сондай-ақ табиғи экожүйелердегі өзгерістерді қадағалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ғарыштан алынған мәліметтер пайдалы қазбалардың заңсыз пайдаланылуын және рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтауға, сондай-ақ логистикалық бағыттарды оңтайландыруға қолданылмақ.

Спутниктік технологиялар табиғи қауіп-қатерлерді ерте анықтауға да мүмкіндік береді. Атап айтқанда, құрғақшылық, су тасқыны, көшкін, сел және орман өрттерін алдын ала бақылауға болады. Бұл билік органдарына жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, табиғи апаттардан келетін шығынды азайтуға ықпал етеді.

Алдағы уақытта ғарыштан алынған ақпаратты мемлекеттік цифрлық жүйелерге біріктіріп, кеңістіктік карталар мен аналитикалық модельдер жасау жоспарланып отыр. Сонымен қатар бұл деректер инвестициялық жоспарлау және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бақылау кезінде пайдаланылмақ.

«Спутниктік деректерді суперкомпьютерлік технологиялардың мүмкіндіктерімен үйлестіріп пайдалану Қырғызстанның экономикалық және табиғи ресурстарын неғұрлым дәл әрі тиімді басқаруға негіз болады», – деп атап өтті президенттің баспасөз қызметі.

АҚШ-қа сапары барысында Садыр Жапаров Калифорнияның Хоторн қаласындағы SpaceX компаниясының өндірістік кешеніне де барды. Қырғызстан президенті ғарыш техникасын құрастыратын цехтың және ұшуды басқару орталығының жұмысымен танысты. Сонымен қатар оған Starlink жүйесі таныстырылды.

Жапаровқа Starlink спутниктерінің үш буыны, олардың құрылымындағы өзгерістер және өткізу қабілеті туралы ақпарат берілді. Қазіргі таңда Илон Масктың компаниясына тиесілі 10 мыңнан астам аппарат орбитада орналасқан.

Биыл мамыр айында Қырғызстанда Starlink спутниктік интернет қызметін ұсыну жобасы іске қосылды. Бұл технология шалғай аймақтарды жоғары жылдамдықты интернетке, білім беру ресурстарына және мемлекеттік цифрлық қызметтерге қосуға қосымша мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Бішкектегі «Қырғыз электроника» кәсіпорны жасаған спутник көпшілікке 24 қыркүйекте таныстырылған. Компания өкілдерінің айтуынша, аппаратты толықтай қырғызстандық жоба деп атауға болмайды, себебі пайдаланылған технологиялардың басым бөлігі Ресейге тиесілі. Сол кезде спутниктің құны 10–12 млн сом, яғни шамамен 130 мың доллар екені айтылған.

댓글
기타 기사