Flydubai ұшағын жолаушы болған украиналық және ресейлік ұшқыштар қондырған

327
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/DcjNqj0DYiGg2JrCF9nSsGynKvu35fDfNTISfRC6.webp

FlyDubai ұшағын төтенше жағдайда Украина мен Ресейден келген жолаушы-ұшқыштар қондырды. Бұл туралы Israel Hayom басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Flydubai әуе компаниясының ұшағындағы жанжалға ресейлік және украиналық ұшқыштар қатысқан болуы мүмкін деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Олар оқиғаға қатысушылар емес, қосымша экипаж мүшелері болған және ұшақты аман-есен қондыруға көмектескен»,– делінген хабарламада.

Басылым мәліметінше, қосымша экипаж мүшелері Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған рейсте жолаушы ретінде ұшып келе жатқан. Төтенше жағдайға дейін олар ұшақты басқаруға қатыспаған. Оқиғадан кейін ресейлік және украиналық ұшқыштар ұшқыштар кабинасына кіріп, басқаруды өз қолдарына алып, Boeing ұшағын Сауд Арабиясының Табук қаласына сәтті қондырған.

30 қыркүйек күні таңертең N12 телеарнасы жанжал ресейлік ұшқыш пен украиналық екінші ұшқыш арасында болған деп мәлімдеген еді. Кейін төбелеске қатысушылардың азаматтығына қатысты өзге де мәліметтер тарай бастады. Ал Flydubai компаниясы негізгі экипаж мүшелерінің кім екенін және оқиғаның нақты мән-жайын әзірге жариялаған жоқ.

Оқиғадан кейін әуе компаниясында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Israel Hayom басылымының жазуынша, енді Flydubai экипаждары мұқият тексеруден өтеді.

Сонымен қатар Израиль билігі Сауд Арабиясында қалып қойған өз азаматтарын елге қайтаруға дайындалып жатыр. Ол үшін арнайы эвакуациялық рейс ұйымдастыру жоспарланған. Алайда оның ұшуы алдымен Сауд Арабиясы билігінің келісімін алуы тиіс.

Айта кетейік, төтенше оқиға 30 қыркүйек күні таңертең Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған FZ1073 рейсінде болған. Ұшу кезінде Boeing 737 дабыл сигналдарын, оның ішінде әуе кемесін заңсыз басып алу немесе басқаруға араласу қаупі туындағанда қолданылатын арнайы кодты жіберген. Сонымен қатар ұшақ биіктігін күрт жоғалтқан. Reuters агенттігінің мәліметінше, ол 30 секундқа жетпейтін уақыт ішінде шамамен 14 мың футқа (4,3 шақырымға жуық) төмендеген.

Израильдік дереккөздер ұшқыштар кабинасында физикалық жанжал болғанын хабарлады. Нұсқалардың біріне сәйкес, екінші ұшқыш әуе кемесінің капитанына шабуыл жасаған. Қазіргі уақытта Израиль билігі бұл оқиғаның террорлық әрекетке қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ.

Оқиғадан кейін Boeing бағытын өзгертіп, Сауд Арабиясының Табук әуежайына қонған. Flydubai компаниясы оқиғаны растап, барлық жолаушының қауіпсіз екенін мәлімдеді. Әуе тасымалдаушысы құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын және расталған ақпарат түскен соң қосымша мәлімет беретінін хабарлады.

댓글
기타 기사