Үйінен кеткен жасөспірім басқа қаладан табылды

86
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Алматы облысында үйінен кеткен 17 жастағы Ясмина бір жарым айдан кейін Қарағанды қаласындағы жекеменшік балабақшадан табылды, деп хабарлайды “Адырна” КТК-ға сілтеп.

Жасөспірім аталған мекемеде жұмыс істеп жүрген.

Ясмина үйінен ата-анасы ұйықтап жатқан кезде кеткен. Арнайы комиссия жасөспірімнің үйден кету себептерін анықтау үшін жұмыс жүргізген. Қыздың айтуынша, ол өз бетінше өмір сүріп көру үшін үйден кеткен. Ата-анасы оқуын жалғастырғанын қалағанымен, оның оқуға деген ынтасы болмаған.

Бір жарым айдан кейін Ясмина ата-анасымен өзі байланысқа шыққан. Қазір ол отбасына оралған.

«Өзімнен де қателік болды. Хабарласқым келіп жүрдім. Сағынып, ішімнен қиналып жүрдім. Эфирді көргеннен кейін хабарласуға түрткі болды. Қазір жағдайым жақсы, ата-анаммен тұрғым келеді», — деді Ясмина.

Қазір жасөспіріммен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ол болашақта тігінші болуды армандайтынын айтқан. Мамандар қызға қажетті құрал-жабдықтарды алып беруге және жоғары білім алуына жағдай жасауға уәде берген.

Қазір заңды өкілдермен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Психологиялық көмек көрсету де жалғасады.

댓글
기타 기사