Қарағанды облысында инженерлік желілерді жаңғырту бойынша 108 жоба іске асырылуда

286
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/b5B8Hcpr97FHtLm0OPZf50Y17n0QJmU379SzIJmg.jpg

Қарағанды облысында биыл инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 108 жоба іске асырылады. Коммуналдық желілердің 438 шақырымын қайта жаңғыртып, жаңадан салу жоспарланған.

Жұмыстардың негізгі бөлігі сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне тиесілі – 237,3 шақырым. Тағы 149,6 шақырым электрмен жабдықтау желілерін, 51,3 шақырым жылумен жабдықтау желілерін құрайды.

Жобалар бірден бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылуда. 14 нысан энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртудың Ұлттық жобасына енгізілген. 33 жоба бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылса, тағы 61 жоба табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары аясында іске асырылуда.

Жұмыстар тек коммуналдық желілерді қамтымайды, энергетика нысандарын да жаңғырту көзделген. Өңірде қазандықтар, турбиналар және басқа да жабдықтар жөнделіп жатыр. Qarmet-тің ЖЭО-2-де жаңа қазандық іске қосылса, Топар МАЭС-інде турбина ауыстырылды.

Сонымен қатар жаңа энергетикалық қуаттар құрылып жатыр. Қарағандыда ЖЭО-3-тің энергоблогын, Балқаш ЖЭО-да жаңа қазандық салу жұмыстары жалғасуда. Екі жобаны да 2028 жылы аяқтау жоспарланған.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Абай, Саран қалаларында және облыс аудандарында жүргізілуде. Мұнда тек ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана емес, желілердің ең тозған учаскелерін қайта жаңғырту да көзделген.

– Бүгінде алдағы жылыту маусымына дайындыққа ерекше көңіл бөлініп отыр. Негізгі жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Біздің міндетіміз – қыс мезгілінде тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйелердің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, – деді Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов.

Оның айтуынша, инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Өңірдің міндеті – желілерді қайта жаңғырту көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып, коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету.

– Коммуналдық инфрақұрылым сенімді жұмыс істемейінше, өңірдің дамуы, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру туралы айту мүмкін емес. Сондықтан бүгін біз желілерді жөндеумен ғана шектелмей, Қарағанды облысының болашақтағы дамуына негіз қалап жатырмыз, – деп атап өтті Азамат Тайжанов.

댓글
기타 기사