Каспийдің таяздануы Орта дәліздегі жүк тасымалына қауіп төндірді

137
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AfH14hPjgV8JIXbe68zym9QcqS1VxhSdemChn8QS.jpg

Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі кеме қатынасына елеулі қиындықтар туғызып, Орта дәліздің тиімділігіне қауіп төндіруде. Бұл туралы Бакудегі климаттық іс-қимыл апталығы – BCAW 2026 аясында өткен панельдік сессияда «Әзербайжан Каспий теңіз кеме қатынасы» ЖАҚ-тың (ASCO) тұрақты даму және шығарындыларды басқару жөніндегі директоры Алекпер Азизли айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оның сөзінше, Каспий теңізінің таяздану мәселесі соңғы үш жылдан бері байқалып келеді. Су деңгейінің төмендеуі сауда флоты кемелерінің жүктелуіне тікелей әсер етіп отыр. Мәселен, бүгінде ASCO паромдарының бірі Қазақстаннан тасымалданатын жүктің бұрынғы көлемінің небәрі 80 пайызын ғана қабылдай алады.

«Бұл тек ASCO үшін ғана емес, бүкіл мемлекет үшін қаржылық шығындарға әкеледі. Сонымен қатар мәселе тек Әзербайжанға ғана емес, бүкіл Орта дәлізге және оны пайдаланатын тұтынушыларға әсер етуде», – деді Азизли.

Ол сондай-ақ қызмет көрсетуші флоттағы жағдайдың бұдан да күрделі екенін атап өтті. Сүйреткіш, жабдықтау және геологиялық зерттеу кемелері кен орындарындағы платформалардың айлақтарына жақындай алмай отыр. Осындай қиындықтар Әлят портында ғана емес, Түркіменстан мен Қазақстан порттарында да тіркелуде.

Азизли су астында қалған бұрғылау қондырғылары мен құбырлар кемелердің корпусына зақым келтіру қаупін арттыратынын да айтты. Оның сөзінше, бұл мәселелер Каспий бассейніндегі кеме қатынасына қатысушылардың барлығы үшін күн өткен сайын өзекті болып барады.

댓글
기타 기사