"Қазақтың жыр Аққуы" тоқсанға толды

99
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ht3BUl33trLR1jyIRZgTGecnhiXKlAbaCrcTwdy2.webp

Белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы Марфуға Айтхожина 90 жасқа толды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Марфуға Айтхожина 1936 жылғы 25 тамызда Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Құлжа қаласында дүниеге келген. 1956 жылы Құлжа әйелдер педагогикалық гимназиясын тәмамдап, еңбек жолын оқытушылықтан бастады. 1958 жылы отбасымен бірге Кеңес Одағына көшіп келді. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1971 жылы Мәскеудегі Жоғары әдебиет курстарын бітірген. 1961-1969 жылдары «Қазақ әдебиеті» және «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде қызмет атқарды. Ақынның алғашқы «Балқұрақ» атты өлеңдер жинағы 1962 жылы жарық көрді. Кейін әр жылдары «Шыңдағы жазу», «Жастық шақ», «Аққуым менің», «Қаракөз айым», «Баянжүрек», «Көзімнің қарасы», «Ақ бесігім», «Аңсау», «Аққу жүрек» және басқа да жыр жинақтары оқырманға жол тартты.

Марфуға Айтхожинаның шығармалары шетелдік оқырманға да жетіп, бірқатар туындылары болгар, поляк, венгр, чех, парсы және басқа тілдерге аударылған.

Ақын қазақ әдебиетінде сыршыл жырларымен танылып, халық арасында «Қазақтың жыр Аққуы» деген құрметті атқа ие болды. Оның шығармашылығында туған жер, ел мен жер тағдыры, ұлттық құндылықтар мен адам сезімі кеңінен жырланады.

Марфуға Айтхожинаның 90 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынға құттықтау жеделхатын жолдады. Президент ақынның ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға және қазақ поэзиясының өрісін кеңейтуге қосқан үлесін атап өтті.

Бүгінде ақынның 60 жылдан астам уақытты қамтитын шығармашылық мұрасы қазақ әдебиетінің маңызды бөлігі саналады.

Сүю үшін

Жүрегім бар сүю үшін жаралған,
Соғады ұдай жалын алып жанардан.
Төңіректен әнге, күйге малынып,
Тоғысады бір өзінде бар арман.
Сол сезеді тәттіңді де, ащыны,
(Емес, сірә, бұл өмірдің қашқыны).
Түймедей боп тұрғанменен кеудеде,
Бір өзінде өмірдің өр тасқыны.

Күндер қайда

Күндер қайда кешегі от көрінген,
Гүлдер ыққан құшаққа кеші қандай.
Көзіңді жұмып, аттап өткеніңмен,
Мен оны отыра алман есіме алмай.
Аспан да жарқыратып жұлдыздарын,
Самал жанды кететін айықтырып.
Түн пердесі түсіріп құндыз қалың,
Шақыратын құшағын жайып тұрып.
Серуендеп кеш болса шығатынбыз,
Алдымызда кең дала алаң ашық.
Көрінсе үлкен кісі ығатынбыз,
Екеумізді от сезім ала қашып.

Соғады жүрек

Нұр күлкісі жүзінен айықпаған,
Отыр жалғыз теңселіп қайықта адам.
Бәйек болып ерке өзен келе жатыр,
Толқын-толқын құшағын жайып маған.
Келе жатыр желкілдеп толқын жалы,
Кеудемді жаңа күймен толтырғалы.
О, дариға, жалт беріп жалын атып,
Жүрегім де осылай толқыр ма әлі.
Тынар ма толқын үні гүрсілдеген,
Соғады жүрек қатты дүрсілдеген.
Оттан ыстық жастықтың құшағында,
Балқып кетпей сен қайтып тұрсың, денем.

댓글
기타 기사