Үкімет жұмысын тоқтатады. Бектенов басқарған екі жарым жыл қалай өтті?

117
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cCugVO3Eu3vmyhTNyjtIoRzdn24yPYexb59pQYRJ.jpg

Премьер-министр Олжас Бектенов басқарған Үкімет тарайды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Үкімет басшысы 2024 жылғы 6 ақпанда премьер-министр қызметіне тағайындалған. Содан бері Олжас Бектеновтің алғашқы міндеттерінің қатарында экономиканы жандандыру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, инвестиция тарту және инфрақұрылым мәселелерін шешу болды. Оның Үкіметі жұмыс істеген кезеңде 2024 жылы көктемдегі алапат су тасқыны болды. Бірнеше өңірде төтенше жағдай жарияланып, мыңдаған тұрғын эвакуацияланды. Кейін зардап шеккен азаматтарға тұрғын үй беру және өтемақы төлеу жұмыстары жүргізілді.

Сол жылдың 6 қазанында Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтті. Дауыс беруге қатысқандардың 71,12%-ы атом электр станциясын салуды қолдады. Осыдан кейін атом энергетикасы жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жалғасты.

Үкімет жұмысында маңызды өзгерістердің бірі жаңа Салық кодексінің қабылдануы болды. Құжатқа 2025 жылы 18 шілдеде қол қойылып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Оның аясында қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін көтеріліп, жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізілді.

Сонымен қатар, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсті. Алайда жыл қорытындысында инфляция 12,3%-ды құрап, бағаның өсуі Үкімет үшін негізгі мәселелердің біріне айналды.

Олжас Бектенов Үкіметінің жұмысы кезеңінде 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституция қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді. Соның нәтижесінде Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылды, сондай-ақ Вице-президент институты енгізілді.

Ал 23 тамызда жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтті. 145 депутаттан тұратын жаңа заң шығарушы органның сайлау қорытындылары 24 тамызда жарияланды.

Айта кетейік, Үкіметтің жұмысы тоқтайтыны туралы Президент Тоқаев 23 тамыз күні сайлауда дауыс бергеннен соң журналистермен өткен брифингте айтқан. 

"Дүние жүзіндегі бәсекелестік күшейіп келеді. Нарықтың сын-қатерлеріне мұқият назар аударып, ең бастысы, тиісті деңгейде төтеп беруіміз керек. Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді", – деді Мемлекет басшысы.

Айтуынша, мәселе біреуді орнынан босатуда емес.


"Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет. Бұл істе Үкімет маңызды рөл атқарады", – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

댓글
기타 기사