Құрылтай сайлауы. «Халық үні» қозғалысы сайлауды қорытындылады

177
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JxgHjPWY8BuW2MtVRbWAkf9DjSc6sfst3qMU6f50.jpg

Топ байқаушылары сайлау күні Қазақстанның 11 қаласындағы мыңнан астам сайлау учаскесінде дауыс беру процесіне мониторинг жүргізген. Бақылаудың мұндай кең ауқымды деңгейі еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі сайлау барысына жан-жақты әрі объективті баға беруге мүмкіндік берді дейді «Халық үні» өкілдері.

Қозғалыстың негізгі штабы Алматы қаласында орналасқан. Сонымен қатар, «Халық үні» қозғалысының қолдаушылары мен бақылаушылар желісі еліміздің бірқатар өңірін қамтыды. Бақылау жұмыстары Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Семей, Тараз, Қонаев және Талдықорған қалаларында жүргізілді.

Бақылау миссиясына дайындық барысында 11 қалада мыңнан астам азамат электоралдық бақылау әдістері бойынша арнайы оқытудан өтті. Бақылаушыларды қоғамдық-саяси процестер саласындағы тәжірибелі сарапшылар — саясаттанушы Дос Көшім, сарапшы және баспагер Бақытжан Бұқарбай, журналист Ермұрат Бапи және қоғам қайраткері Бекнұр Кисиков даярлады. Саяси кеңес беру бойынша сарапшы Нұргелді Әбдіғани мен саясаттанушы Нұрболат Нышанбай қатысқан. 

Оқыту бағдарламасының қорытындысы бойынша дайындықтан өткен азаматтардың арасынан бақылаушылар іріктеліп, оларға сайлау учаскелерінде бақылау жүргізуге арналған ресми жолдамалар берілген. 

«Халық үні» қозғалысы байқаушылары дауыс беру күні учаскелерде таңертеңнен бастап барлық сайлау рәсімдері аяқталғанға дейін жұмыс істеп, азаматтық бақылауды барынша сапалы және жан-жақты жүргізуге күш салды. 

Топ мүшелері учаскелерде дауыс берудің негізгі рәсімдері қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес өтті дейді. Ссайлаушылардың белсенділігі жоғары болғанын атап өтті. «Халық үні» сайлау процесінің барынша шынайы, әділ өткенін айтты. 

Бақылау барысында кездескен кішігірім заң бұзушылықтар бойынша бақылаушылар тиісті актілер мен хаттамаларды рәсімдеген. Қазіргі уақытта алынған ақпаратты жинақтау, жүйелеу және қосымша тексеру жұмыстары жалғасуда дейді. Жақын уақытта барлық материалдар қорытындыланып, сараптама жасалынбақ. «Халық үні» байқаушылары бақылау жұмыстары мен әзірленетін ұсыныстар сайлау процесін одан әрі жетілдіруге, азаматтардың сайлау институттарына деген сенімін нығайтуға ықпал етеді деген сенім білдірді. 

 

댓글
기타 기사