Бес жүз мыңға жуық басылым цифрлық форматқа көшті

148
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TgIS0pIJEpOnsrdLfzBeDfgB2zlna9cSH55CACEI.webp

Түркияда 485 мың қолжазба мен сирек баспа басылымы цифрлық форматқа көшірілді, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Бұл туралы Түркияның мәдениет және туризм министрі хабарлады.

Жоба Түркияның қолжазба туындылар басқармасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Цифрландырылған қордың құрамына тарихи қолжазбалар мен сирек кездесетін баспа еңбектері енгізілген.

Министрдің айтуынша, жоба мәдени мұраны цифрландыру және сақтау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілуде.

«Зерттеушілер мен барлық қызығушылық танытқан азаматтарға қолжазба туындыларының әлемдегі ең ірі порталында 485 мың қолжазба мен сирек басылымға қолжетімділік ұсынамыз», – деді министр Мехмет Нури Эрсой.

Цифрлық қордың қолданушыларының саны 30 мыңнан асқан. Порталға кіру саны 1,36 миллионнан асып, ондағы туындылар 5,9 миллионға жуық рет қаралған. Ал қаралған беттер саны 15,4 миллионнан, жүктелген беттер 1,6 миллионнан асқан.

Цифрландыру жұмыстары түпнұсқа құжаттардың сақталуына да бағытталған. Сандық көшірме жасамас бұрын мамандар әрбір жәдігердің физикалық жағдайын бағалайды. Қажет болған жағдайда қосымша қорғау шаралары жүргізіледі. Кейін қолжазбалар түпнұсқаға зиян келтірмейтін әдістер арқылы жоғары ажыратымдылықта түсіріледі.

Сонымен қатар әрбір құжат бойынша халықаралық каталогтау стандарттарына сәйкес библиографиялық мәліметтер әзірленеді.

Цифрлық көшірмелерді көру үшін тіркелу талап етілмейді. Ал материалдарды жүктеу үшін тегін мүшелік рәсімдеу қажет. Порталда шығармалардың библиографиялық сипаттамалары мен олардың цифрлық бейнелері ұсынылған.

Түркия алдағы уақытта цифрлық мәдени мұра қорын жаңа технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

댓글
기타 기사