Киевтегі әрбір үшінші тұрғын үй Ресей соққыларынан зақымданған

702
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/T2WAa0MnB76zJS5u5PZQ8q1u8TxuRejH3Gghrir8.jpg

Ресейдің Украинаға кең ауқымды басып кіруі басталғалы бері Киевте ресейлік соққылардан 4 мың көпқабатты тұрғын үй зақымданған. Бұл туралы 20 тамызда қала әкімі Виталий Кличко «РБК-Украинаға» берген түсініктемесінде мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оның айтуынша, Киевте барлығы 12 мың көпқабатты үй бар. Ал Ресейдің әрбір шабуылы қала бюджетіне шамамен 500 миллион гривнаға (шамамен 9,64 миллион еуро) түседі. Кличко сонымен қатар соңғы уақытта «шабуылдардың жиілігі артып, қала аптасына екі ретке жуық баллистикалық зымырандар мен дрондардың шабуылына ұшырап жатқанын» айтты.

Қала билігі мобильді паналау орындарын орналастыру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алайда Киев мэрінің пікірінше, зымырандық шабуылдардан шын мәнінде тек бомбадан қорғанатын баспаналар ғана қорғай алады. Қазіргі уақытта мұндай баспаналар жеткіліксіз.

Кличко 20 тамыз күні түстен кейін жасалған ресейлік шабуыл салдарынан Деснянский және Днепровский аудандарының бір бөлігіндегі тұрғындарға ыстық су беру уақытша тоқтауы мүмкін екенін ескертті. Ол сондай-ақ Ресей қарулы күштерінің ұшқышсыз ұшағы Киевтің Голосеевский ауданындағы бизнес-орталыққа зақым келтіргенін, бір адам қаза тауып, екі адамның жараланғанын жеткізді. Құтқарушылар ғимаратта іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.

20 тамызға қараған түні Украина астанасы кезекті рет Ресейдің жаппай шабуылына ұшыраған еді. Ресей әскерилері қалаға зымырандар мен дрондар ұшырған. Соңғы мәліметтер бойынша, Киев пен Киев облысында 16 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, шабуыл салдарынан 30 тұрғын үй, мектеп, аурухана және балабақша зақымданған.

21 тамыз Киевте қаралы күн болып жарияланды.

댓글
기타 기사