Бір күннің қуанышы - бала жүрегіндегі үлкен үміт: Алматыда балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік күн ұйымдастырылды

225
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/C4weu8wf2uJFzsQ6aXyUwHVnGM4yy9NBealB7k27.jpg

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен, «Әлеуметтік шеберхана» жобасы аясында, Алматы қаласының Орталық демалыс саябағында, Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған қайырымдылық мәдени-ойын-сауық іс-шарасы ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында балалар Алматы қаласының Орталық демалыс саябағында болып, түрлі аттракциондарда демалып, көтеріңкі көңіл күйге бөленіп, жаңа әсерлерге ие болды. Сонымен қатар қатысушыларға ыстық түскі ас пен тәттілер ұсынылды.

Осы орайда, Алматы қаласының Орталық демалыс саябағы балаларға және халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуге бағытталған қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларды тұрақты түрде қолдап келе жатқанын атап өткен жөн. 2026 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін саябақтың қайырымдылық қолдауының арқасында төрт мыңнан астам бала аттракциондарға тегін бару мүмкіндігіне ие болды. Саябақ осындай жобаларды жүзеге асыру алаңы ретінде қызмет атқарып, әлеуметтік жауапкершілікті, қайырымдылық мәдениетін дамытуға, қолайлы орта қалыптастыруға және қоғамдық маңызы бар іс-шараларды өткізуге өз үлесін қосып келеді.

Осындай бастамалар балалардың бос уақытын қызықты әрі мазмұнды өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың әлеуметтік бейімделуіне, тұлғалық дамуына және жағымды өмірлік тәжірибе қалыптастыруына ықпал етеді.

«Qamqor Charity» қоғамдық қорының төрайымы Бағдат Анарбаева мұндай іс-шаралар қордың өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау бағытындағы жүйелі жұмысының маңызды бөлігі екенін атап өтті.

«Әрбір бала қамқорлық пен мейірімді сезінуге лайық. Кейде қуанышқа толы бір күннің өзі балаға өзіне деген сенімділік сыйлап, өмірге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. “Әлеуметтік шеберхана” жобасы арқылы біз балалардың жан-жақты дамуына, әлеуметтенуіне және бақытты балалық шағын қалыптастыруға жағдай жасауды мақсат етеміз», - деді «Qamqor Charity» қоғамдық қорының төрайымы Бағдат Анарбаева.

Еске сала кетейік, «Әлеуметтік шеберхана» жобасы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, өмірлік қиын жағдайға тап болған және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған. Жобаның басты мақсаты - олардың әлеуметтік бейімделуіне, тұлғалық дамуына және қоғам өміріне белсенді араласуына ықпал ету.

댓글
기타 기사