Қашан өзгересің... Қашан санаңды өзгертесің... Құлдық қамытты қашан шешесің...

105
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fY89t1kNF565CGmognvLwQpgWQhxtmb4qOo4kNj0.jpg

Жұрт "қазақтың жауы - қазақ..." "қазақтың жауы - арақ", анау- мынау деп айтып, жазып жүргенде әулие туған Мұхтар ағам Мағауин "Қазақтың жауы - ұлттық сананың кемшіндігі, яғни ұлтсыздық. Және бұл қатерлі жау күн санап өсіп келеді," - деп жазып еді, осыдан 23 жыл бұрың "Ұлтсыздану ұраны" кітабында.

Бұл  - қазақтың шел басқан көзі, бітеу көкірегі, дүлейленген құлағы, арзандаған ары, құлдыраған құны, өшкен сана, өлген рухы туралы жазушының зар кітабын қанша жұрт оқыды, оқымады... білмеймін, өзгерген ештеңе жоқ.

Сол жемқорлық пен ұрлық, заңсыздық жайлаған билік, қарпып қалуды ғана мақсат еткен шенеунік, ұйықтаған халық.

Менің ұғымымша бойында ұлттық санасы қалыптасқан азамат ұлтшыл, мемлекетшіл, елін, жерін "менікі" деп ойлайтын болса керек.

Ұлттық сананың үлгісін Украина халқы көрсетіп берді, көрсетіп келеді.

Елдің, ұлттың болашағы өсіп келе жатқан ұрпақ бойына ұлттық санасын дарытайын, егейін деп ойланып, әрекет жасап жүрген мектеп те, ата-ана да жоқ па деп ойлаймын.

Елеусіз, бірақ ертеңгі зардабы ауыр болар көріністер тірлігімізде жиі алдымыздан шығып жатады.

Шағын бірнеше мысал...

Біздің ауыл 100 пайыз қазақтың ауылы - Шұбартау өңірі.

Біраз уақыт болды, ауылға құрдасымыздың Астанадан үш немересі келді, күнде көремін... үшеуі де орысша сөйлейді, бірге ойнап жүрген ауылдың баласына да орысша айтады, демек, қазақшасы жоқ деген сөз.

Осы үш баланың әке-шешесі, екеуі де өзіміздің ұл мен қыз: ауылда өскен, қазақша оқыған, ауылдан кеткенде білетін орысшалары шамалы... бірақ балаларын орысша өсіріп жатыр екен.

Бұл ненің көрінісі... сол құдай атқан құлдық сананың көрінісі, орысша сөйлеу артықшылық  деген - пасық түсінік, ойсыздық... санасыздық.

Екінші мысал: Аягөз қаласында "Ыстық нан" деген шағын әртүрлі нан өнімдерін пісіріп сататын дүкен бар, өнімдері сапалы, дәмді... Барып тұрамыз...

Осы дүкеннің қабырғасында жарнама ретінде іліп қойған (екі жерге) баннер тұр, орысша жазылған.

Сұрадым... неге орысша, болмаса біреуін қазақша жазуға болмай ма деп.

Тәуелсіздіктен 10-15 жыл кейін туған, мүмкін... сатушы қыздың берген жауабы "қазір жұрттың бәрі түсінеді, оқып алады," - деді, маған біршама ренжіп.

Оның ойына қазақтардың бәрі орысша оқып, түсініп алады деген түсінік келгенменен... орыстар неге қазақша оқып , түсініп алмайды деген түсінік, ой мүлдем жоқ.

Қазақтар міндетті сияқты... бұл қызымызда да жазық жоқ, өзіміздің еккен егініміз...

Бұндай мысалдар өте жиі кездеседі, аттап басқан сайын...

Қашан өзгересің...

Қашан санаңды өзгертесің...

Құлдық қамытты қашан шешесің... ҚАЗАҚ?

Өміртай Лахан

 

 

 

댓글
기타 기사