Сот Назарбаевтың банкрот деп тану туралы талабын тағы да қанағаттандырмады

259
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0mRMoZFE0GzGY3dwkHcETxgxexXKEbBNeAZ32WyP.webp

Алматы облыстық соты Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың өзін банкрот деп тану және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы талабын қанағаттандырмай, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды "Адырна".

Нұрбол Назарбаев апелляциялық шағымында өзіне қатысты шығарылған шешімнің күшін жоюды сұрап, мемлекет пен жеке компания алдындағы ірі көлемдегі берешегін өтеуге мүмкіндігі жоғын алға тартқан. Оның мәліметінше, Активтерді қайтару жөніндегі комитет алдындағы қарызы 55,8 миллиард теңгеден асады. Бұдан бөлек, өсімпұл, мемлекеттік баж салығы және "Ақтөбе" өндірістік компаниясы" ЖШС алдындағы берешегі бар.

Шағымында ол өзіне тиесілі құнды активтердің болғанын, алайда олардың өз атына рәсімделмегенін мәлімдеген. Назарбаев бұл мүліктерге бенефициарлық иелік ету және серіктестік қатынастар арқылы бақылау жасайтынын айтып, серіктестері оның қарыздарын өтеуге көмектесуге дайын екенін жеткізген. Осы негізде ол соттан төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануды сұрады.

Алайда прокуратура бұл әрекетті заңды орындауды созбалаңға салу амалы деп бағалады. Қадағалау органының пікірінше, борышкер бұған дейін де дәл осындай талаппен сотқа жүгінген және нақты жағдай өзгермегеніне қарамастан қайта өтініш беруі мемлекет пайдасына шығарылған сот шешімдерінің орындалуын кейінге қалдыруға бағытталған.

Апелляциялық сот та бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісті. Сот алқасының пікірінше, Назарбаев өзінің нақты қаржылық жағдайы туралы толық ақпарат ұсынбаған. Іс материалдарында оның коммерциялық нысандарды жалға беруден түсетін табысы, дивидендтері, депозиттік кірістері, сондай-ақ отбасы жағдайы мен күнделікті шығындары жөнінде мәліметтер жоқ.

Соттың атап өтуінше, мұндай деректерсіз борышкердің төлем қабілетін бағалау және қарыздарды өтеудің әділ жоспарын жасау мүмкін емес.

Сонымен қатар сот Назарбаевтың қаржылық жағдайын ашық көрсетпегенін, жұмыс істеуге кедергі келтіретін заңды себептерді дәлелдемегенін және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін өз еркімен орындауға бағытталған нақты әрекеттер жасамағанын атап өтті.

Нәтижесінде Алматы облысы Қарасай аудандық сотының бұған дейінгі шешімі өзгеріссіз қалдырылып, Нұрбол Назарбаевтың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі – борышкерді бірден банкрот деп танымай, қарыздарын белгілі бір мерзім ішінде өтеуге мүмкіндік беретін құқықтық тетік. Бұл рәсім қолданылған жағдайда азамат банкрот мәртебесін алмайды және оған банкроттыққа тән бірқатар шектеулер қолданылмайды. Сонымен қатар айыппұлдар мен өсімпұлдардың есептелуі тоқтатылып, қарызды бес жылға дейін бөліп төлеу жоспары бекітілуі мүмкін.

Қазіргі таңда Нұрбол Назарбаевқа қатысты кемінде екі атқарушылық іс жүргізіліп жатыр. Оның мемлекет алдындағы жалпы берешегі шамамен 63,7 миллиард теңгені құрайды.

Бұл соманың негізгі бөлігі – активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі талаптар. Оның аясында 55 миллиард теңге Арнайы мемлекеттік қорға аударылуы тиіс. Бұдан бөлек, оған 1,6 миллиард теңгеден астам мемлекеттік баж салығы есептелген.

Нұрбол Назарбаев – марқұм Болат Назарбаевтың ұлы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.

2017 жылға дейін құқық қорғау органдарында қызмет атқарып, Алматы облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Кейін бизнес саласына ауысып, Prime Capital Invest, Prime Capital Holding секілді компаниялармен байланысты кәсіпкер ретінде танылды.

Ол соңғы жылдары Қазақстанның ең ауқатты кәсіпкерлері рейтингінде тұрақты түрде аталып келді. Бұған дейін оның жеке капиталы шамамен 179 миллион доллар деп бағаланған.

댓글
기타 기사