Моңғолияда көне түркі мұрасын қорғау үшін қоршаулар қойылды

248
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/i40sNiAN2hoThq37y7MdjEZOlk7lp20ZMwox7MZP.webp

Моңғолияда Номгон-1 және Номгон-2 археологиялық кешендерін қорғауға арналған қоршаулардың ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Report агенттігінің Қазақстандағы бюросы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Аталған ескерткіштерде Түркі академиясы Моңғолия Ғылым академиясының Археология институтымен бірлесіп бірнеше жылдан бері ауқымды археологиялық зерттеулер жүргізіп келеді.

Салтанатты шараға Түркі академиясының басшылығы, Моңғолияның ғылыми мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ бірлескен жобаны жүзеге асырып жатқан археологтар мен зерттеушілер қатысқан.

«Қорғау инфрақұрылымының салынуы –Номгон аңғарының бірегей археологиялық мұрасын сақтау бағытындағы жұмыстың кезекті кезеңі. Мұнда бірлескен зерттеулер 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді және олар Екінші Түрік қағанатының тарихына қатысты жаңа мәліметтер алуға мүмкіндік берді», – делінген хабарламада.

Халықаралық ғылыми жоба аясында бірқатар маңызды жаңалықтар ашылды. 2022 жылы Номгон-2 ескерткішінен көне түркі және соғды жазулары қашалған тас стеланың жоғарғы бөлігі табылған болатын. Жазуларды дешифрлағаннан кейін мамандар алғаш рет Құтлық қаған туралы айтылатын мәтін үзінділерін оқыды. Бұл ескерткішті қағанға арналған мемориалдық кешен ретінде анықтауға ғылыми негіз қалады.

Кейінгі жылдары археологтар стеланың көне түркі және қытай тілдеріндегі мәтіндер жазылған төменгі бөлігін де тапты. Түркі академиясы, Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты және Ішкі Моңғолия университетінің ғалымдары жүргізген бірлескен зерттеу нәтижесінде қытай тіліндегі жазудан «Құтлық» титулы мен «түрік» этнонимі анықталды. Бұл кешеннің Екінші Түрік қағанатының негізін қалаушы Елтеріс Құтлық қаған дәуіріне жататынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қорғау қоршауларының ашылуы ерте орта ғасырлардағы түркі халықтарының тарихын зерттеу үшін ерекше маңызға ие ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа инфрақұрылым алдағы археологиялық зерттеулер мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға да мүмкіндік береді.

«Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты Номгон аңғарындағы бірлескен зерттеулерді жалғастыруға ниетті. Ғалымдардың пікірінше, бұл өңір жаңа жаңалықтар ашуға зор әлеуетке ие. Олар көне түркілердің тарихы мен өркениеті туралы қазіргі ғылыми түсініктерді едәуір толықтыра алады», – деп атап өтті Түркі академиясы.

댓글
기타 기사