9 ай қалғанда. Францияда да сайлау өтетін күн белгіленді

642
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XxXhjaDuWM2t9QAIl3roZKxKvUfJqAcFgVVpccfk.jpg

Франция үкіметі 2027 жылғы президент сайлауының күндерін бекітті. Сайлаудың бірінші кезеңі 18 сәуірде, ал екінші кезеңі 2 мамырда өтеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Le Figaro-ға сілтеме жасап.

Бұл шешім соңғы апталарда саяси штабтар арасында қызу талқыланған мәселеге нүкте қойды. Өйткені кандидаттар сайлауалды науқанға дайындықты бастап кеткенімен, сайлау күнтізбесі әлі нақты бекітілмеген еді.

Француз БАҚ-тарының мәліметінше, билік сайлауды 11 және 25 сәуірде өткізу немесе оны бір аптаға кейін шегеру сынды нұсқаларды қарастырған. Нәтижесінде үкімет екінші нұсқаны таңдаған. Бұл ретте Конституция талаптары шешім қабылдау мүмкіндігін шектеген. 1958 жылғы Франция Конституциясына сәйкес, президент сайлауы мемлекет басшысының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 20–35 күн бұрын өткізілуі тиіс.

Осы талапқа сай, сайлаудың екінші кезеңі қазіргі президент Эммануэль Макрон өкілеттігінің аяқталатын күні – 2027 жылдың 14 мамырында түнгі сағат 00:00-ге дейін өткізілуі қажет. Макронның екінші бес жылдық президенттік мерзімі 2022 жылдың 14 мамырында басталған болатын.

Сонымен қатар сайлау күндерінің Франциядағы көктемгі мектеп демалысымен тұспа-тұс келуі де назар аудартып отыр. Бұл сайлаушылардың белсенділігіне әсер етуі мүмкін, өйткені көптеген азамат дәл осы кезеңде демалысқа кетеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай бірінші кезеңдегі сайлауға қатысу деңгейіне және саяси күштердің арасалмағына ықпал етуі ықтимал.

Бұған дейін Құрылтай сайлауының қашан өтетінін жазған едік.

댓글
기타 기사