Белсенді Серікжан Біләштің әпкесі полицияға жеткізілген

69
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JAUlYM8DpVGS8CDgWrmI4m7WHEowCtCW2zQXtUzz.avif

26 маусымға қараған түні Алматы облысында белсенді Серікжан Біләштің әпкесінің үйінде тінту жүргізіліп, оның полициямен Қонаев қаласына жеткізілгені белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна" Азаттық радиосына сілтеп.

Ақпаратты Бәтиқа Біләштің жұбайы Амантай Ағидолла мәлімдеген. Оның айтуынша, Бәтиқа Біләштің қандай себеппен ұсталғаны әзірге белгісіз.

«Не үшін алып кеткенін білмейміз. Қазір полицияда жүрміз», – деген ол.

Амантай Ағидолланың сөзінше, тінтуге шамамен 20-ға жуық қызметкер, оның ішінде арнайы жасақ өкілдері қатысқан. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары үйден жұмыс істемейтін ұялы телефон мен бірнеше Құран кітабын тәркілеген.

Бәтиқа Біләштің адвокаты Шынқуат Байжанов қазіргі уақытта полицияға бара жатқанын, оқиғаға қатысты нақты мәліметтің әзірге жоқ екенін айтты.

Өз кезегінде Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған ақпараттың мән-жайын анықтап жатқанын хабарлаған.

Бәтиқа Біләш – АҚШ-та тұратын және Шыңжаңдағы жағдайға қатысты мәселелерді көтеріп жүрген белсенді Серікжан Біләштің әпкесі. Оның ұсталуына осы жайттың қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде нақтыланбаған.

댓글
기타 기사