Алакөлде туристік маусым «Алакөл алаулары – 2026» фестивалімен ашылды

262
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ka80fHSq8snWvbkQxCDr2H7mBLFxrS0Z72jioXRS.jpg

Алакөл жағалауында туристік маусымның ресми ашылуына арналған «Алакөл алаулары – 2026» фестивалі өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, тұрғындар мен демалушыларды жаңа маусымның басталуымен құттықтады.

Аймақ басшысы Алакөлдің табиғи және тарихи маңызына тоқталып, көлдің бүгінде отандық және шетелдік туристер үшін тартымды демалыс орнына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, «Алакөл алаулары» фестивалі алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Фестиваль аясында Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбек, дәстүрлі әнші Дінисламбек Жайлаубай және эстрада жұлдыздары Дана Кентай, Еркеш Хасен, Қанай мен Зарина Омарова өнер көрсетті. Мерекелік кеш отшашумен аяқталды.

Берік Уәлидің айтуынша, Алакөл жағалауындағы концерттік бағдарламалар тамыз айына дейін жалғасып, әр апта сайын сәрсенбі және сенбі күндері өтеді.

Туристік маусым қарсаңында жағалауда абаттандыру және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілді. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 50-ден астам санитарлық торап, 35 душ кабинасы, 110 киім ауыстыру орны, 100 қоқыс контейнері және 150 қоқыс жинау контейнері орнатылды.

Туристердің қауіпсіздігі үшін жағалауға ұзындығы 5 шақырым болатын қоршаулар қойылып, 224 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Соңғы екі жылда 10 шақырым көше жолына асфальт төселді. Сонымен қатар, биыл Үкіметтің қолдауымен ұзындығы 72 шақырым болатын «Көктал–Алакөл» электр желісінің құрылысы басталды. Жоба өңірдегі электр қуаты тапшылығын шешуге бағытталған.

댓글
기타 기사