Ұмытылмас үн, өлмес жыр: Көкшетауда Жақан Сыздықовтың 125 жылдығы аталып өтілді

97
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fhPGJG9TuNwkZWIcagdszF1iSzM7oyyYvbLVXMgg.jpg

Көкшенің көгілдір белдері мен күміс көлдерінің арасынан талай тарлан талант түлеп ұшқаны белгілі. Солардың бірі ғана емес, бірегейі – қазақ сөз өнерінің көрнекті өкілі Жақан Сыздықов. Биыл арда ақынның туғанына 125 жыл толуына орай Көкшетау төрінде өткен «Көкшенің көрнекті ақыны Жақан Сыздықов – 125 жыл» атты әдеби-танымдық кеш – руханиятқа деген құрметтің, өткенге тағзымның айқын көрінісі болды.

Мағжан рухы мәңгілік мекен еткен қасиетті шаһарда, облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың кең залында Көкшетау қаласының тарихы музейінің ұйымдастыруымен өткен кешке жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар мен өнер адамдары, сондай-ақ қаламгердің ұрпақтары бір шаңырақ астында бас қосып, Жақан Сыздықовтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасын тағы бір зерделеді.

Кеш шымылдығын ашқан айтыскер ақын Мұхаммед Қоңқаев сөздің тиегін ағытып, Жақан ақынның тағдырлы ғұмыры мен әдебиеттегі орнына тоқталды. Оның айтуынша, Жақан Сыздықов – тек өз дәуірінің ғана емес, бүгінгі ұрпақ үшін де рухани бағдар бола алатын тұлға.

Жиын барысында сөз алған Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира  Сабырова, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов қаламгердің шығармашылығына, еңбек жолына тоқталды.

«Жалпы, бұл тағылымды басқосу – тек бір тұлғаны еске алу ғана емес, ұлттық әдебиетке деген құрметтің, рухани сабақтастықтың көрінісі болды. Осындай шаралар арқылы біз өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп, келер ұрпақтың бойына отаншылдық рух пен адамгершілік құндылықтарды сіңіреміз», – деді Ермек Нұғыманов.

Сондай-ақ әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахатұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманжол Есмағұлов, профессор Сәбит Жәмбек сияқты танымал ғалымдар сөз сөйлеп, ақынның қазақ поэзиясына қосқан үлесін ғылыми тұрғыдан бағамдап, оның еңбектерінің уақыт сынынан сүрінбей өткенін атап өтті.

Әсіресе, ақын ұрпақтарының сахна төріне шығып, естелік айтуы кештің әсерін еселей түсті. Немерелері мен туыстарының жүрекжарды лебіздері арқылы жиналғандар Жақан Сыздықовты тек ақын ретінде емес, қарапайым адам, қамқор әке, адал азамат ретінде де тани түсті.

Кеш аясында ұйымдастырылған көрме де көпшіліктің назарын аударды. Ақынның сирек кездесетін кітаптары, архивтік құжаттар мен фотосуреттері – өткеннің үнсіз куәсіндей сыр шертті.

Жалпы, бұл тағылымды басқосу – тек бір тұлғаны еске алу ғана емес, ұлттық әдебиетке деген құрметтің, рухани сабақтастықтың көрінісі болды. Осындай шаралар арқылы біз өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп, келер ұрпақтың бойына отаншылдық рух пен адамгершілік құндылықтарды сіңіреміз.

Жақан Сыздықовтың жырларындағы өміршең ой, терең сезім әлі талай буынның жүрегіне жол табары анық. Демек, Көкшенің көрнекті ақынына көрсетілген бұл құрмет – ұлт руханиятына көрсетілген құрмет.

Автор Аслан Оспанов.

댓글
기타 기사