Араб және батыс үлгісіне жол жоқ. Рұқсат етілген есімдер тізімі тағы да жаңартылды

120
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GZV5wD1XjLKQbfqEA8LSD7tM13ZDYkKM752UaoMk.webp

Тәжікстан билігі тәжік есімдерінің жаңартылған тізілімін бекітті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ферғана ақпараттық ресурсына сілтеп. 

Тізімнен Амира, Алия және Жасмин секілді кең таралған араб және батыс үлгісіндегі есімдер алынып тасталды. Ал олардың орнына Арғавон, Гүлдухт, Ёсуман сияқты тәжік және парсы мәдениетіне тән есімдер енгізілді.

БАҚ-тың хабарлауынша, жаңартылған тізімге ежелгі аңыздардағы кейіпкердің аты саналатын Вис, сондай-ақ Гавхарон, Гети және парсы-тәжік әдеби мұрасымен байланысты басқа да есімдер енген.

Бұл өзгеріс Тәжікстанның ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған ұзақмерзімді саясатының жалғасы саналады. Ұлттық есімдер тізімі алғаш рет 2016–2017 жылдары мәдениет министрлігі мен Үкімет жанындағы тіл және терминология комитетінің бастамасымен жарық көрген. Ол кезде құжатқа 3000-нан астам есім енгізілген болатын.

Тәжікстанда азаматтық хал актілерін тіркеу органдары ата-аналар таңдаған есім реестрде болмаса, оны тіркеуден бас тарта алады. Билік мұндай шектеулер ұлттық дәстүрлер мен тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау мақсатында енгізілгенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, елде азаматтарға фамилиялар мен әке аттарындағы орыс тілінен енген «-ов», «-ова», «-вич», «-овна» жалғауларын ұлттық «-зод», «-зода», «-пур», «-иён», «-фар» нұсқаларымен алмастыру ұсынылып отыр.

Орталық Азия елдерінің арасында Тәжікстан басшысы алғашқы болып тегіндегі орысша жалғаудан бас тартқаны белгілі. 2007 жылы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өз тегіндегі «-ов» жалғ ауын алып тастап, ұлттық нұсқаға көшті. Ол бұл қадамын тәжік мәдениетін жаңғыртуға бағытталған бастаманың бір бөлігі ретінде түсіндірді және халықты да ұлттық дәстүрге сай есімдерді қолдануға шақырды. Орталық Азиядағы барлық басшылар мұндай шешім қабылдаған жоқ. Мысалы, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев билікте болған кезде берген  сұхбаттарының бірінде мұны халықаралық құжаттар, келісімдерге «Назарбаев» нұсқасында қол қойып келгендіктен, орта жолда тегін өзгерте алмайтынын айтқан. Бірақ Назарбаев 1996 жылғы 2 ақпанда «Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» арнайы жарлыққ қол қойған. Осы жарлыққа сәйкес, қазақ ұлтының өкілдері тегіндегі қазақ тіліне тән емес жалғауларды алып тастауға немесе қазақы нұсқаға өзгертуге құқылы.



댓글
기타 기사