Эверестте жоғалып, қаза тапты делінген альпинист 6 күннен кейін тірі табылды

167
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ofi2GS1KfFqJM0aqNOl5LtJybvukcp6qIZbC5jr5.webp

Фото: Sagarmatha Pollution Control Committee (SPCC)

Эверестте жоғалып кетіп, қаза тапты деп есептелген непалдық тәжірибелі альпинист Дава Шерпа алты күннен кейін тірі табылды. Ол базалық лагерьге дейін өз күшімен жеткен. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды "Адырна". 

52 жастағы альпинист 30 мамыр күні Эверест шыңынан түсу кезінде жоғалып кеткен болатын. Дава Шерпа альпинизм саласындағы мол тәжірибесі үшін «Хиллари» деген лақап атпен танымал.

Оны 5 маусым күні таңертең Эверестте маршруттарды дайындап, қоршаған ортаны тазалаумен айналысатын Sagarmatha Pollution Control Committee (SPCC) ұйымының қызметкерлері базалық лагерь маңынан тапқан. Құтқарушылардың айтуынша, шерпа төмен қарай еңбектеп келе жатқан.

Оқиға көктемгі альпинистік маусымның соңғы күндерінде болған. Дава Шерпа екі шетелдік альпинисті Эверест шыңына бастап шыққан. Алайда ауа райы мен маршруттың күрделі болуына байланысты көтерілу жоспарланған уақыттан әлдеқайда ұзаққа созылған.

Шыңнан түсу кезінде Дава Шерпа шамамен 7500 метр биіктікте тоқтап демалған. Одан кейін оны ешкім көрмеген. Бірнеше күн бойы іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілгенімен, нәтиже болмаған.

Кейін белгілі болғандай, ол алты күн бойы жалғыз өзі төмен түсіп жүрген. Оның жанында азық-түлік те, қосымша оттегі де болмаған. Сонымен қатар маусым аяқталғандықтан, Хумбу мұздығындағы кейбір өткелдер мен сатылар алынып тасталған еді. Соған қарамастан, ол қауіпті учаскелерден өз бетінше өтіп, базалық лагерьге жақындай алған.

Дава Шерпа іздеу жүргізген тікұшақты көріп, белгі бергенімен, құтқарушылар оны байқамаған. Себебі іздеу жұмыстары оның орналасуы мүмкін деген жоғары аймақтарда жүргізілген.

Табылған кезде шерпаның саусақтары қатты үсіп қалған, сөйлеуі де қиын болған. Ол алдымен базалық лагерьге жеткізіліп, кейін тікұшақпен Катмандудағы ауруханаға эвакуацияланды. Дәрігерлер оның жағдайы тұрақты екенін хабарлады.

Айта кетейік, 2026 жылғы көктемгі маусым Эверест тарихындағы ең қарқынды маусымдардың бірі болды. Бейресми мәліметтер бойынша, биыл әлемнің ең биік шыңына мыңнан астам көтерілу тіркелген.

댓글
기타 기사