Түркия мектеп оқулықтарындағы тарихи атауларды да өзгертті

216
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Xdxu7rT0AcfR5D96AELgYUWb687L8zfwfjiXzjlc.jpg

Түркияның білім министрі Юсуф Текин «Түркия ғасырының ағарту моделі» атты жаңа білім беру бағдарламасы аясында мектеп оқулықтарынан билік сырттан таңылған деп есептейтін бірқатар ұғымның алынып тасталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі TRT-ға сілтеме жасап.

Енді «Крест жорықтары» «Крест шабуылдары» деп аталады, «географиялық жаңалықтар» — «отаршылдықтың бастауы», ал «Орталық Азия» — «Түркістан» деп өзгертілген.

Ыстамбұлдағы Чамлыджа мешіті конгресс орталығында өткен марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Текин «Эгей теңізі» атауының да тарихи тұрғыдан дұрыс еместігін айтты.

«Лозанна келісіміне қол қойылған кезде ешқандай Эгей теңізі болмаған. Дұрыс атауы — Аралдар теңізі. “Эгей теңізі” ұғымы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, белгілі бір деңгейде Грекияның қалауымен қолданысқа енді», — деді министр.

Текиннің айтуынша, мұндай терминдер азаматтардың ұлттық сана-сезіміне тікелей әсер етеді.

«Мұның бәрі ұсақ-түйек сияқты көрінуі мүмкін, бірақ олар ұлт ретіндегі санамызға тікелей ықпал етеді», — деді ол.

Министр мектептерде қандай іс-шаралар өткізілгенін де айтып өтті. Оның сөзінше, Израильдің Газадағы оккупациясы басталған кезде оқу күні бір минут үнсіздікпен басталған.

«Сабақты “Чанаккаледен Газaға дейін — Отанды қорғау” ұранымен бастадық. Біз бейбітшілік пен әділдікке, адам құқықтарын сақтауға ұмтылатынымызды және осыны балаларымызға үйрететінімізді жеткізгіміз келді», — деді Текин.

Сөз соңында Текин ұлттық сана-сезімді әлсіретпеуге шақырды.

«Империялық державалар бізді жіті бақылап отыр. Біздің ұлттық рухымыз әрдайым сергек болуы керек», - дейді түрік шенеунігі.

댓글
기타 기사