Армения премьер-министрі Никол Пашинян Мәскеуде өтетін 9 мамырдағы Жеңіс шеруіне қатыспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Themocsowtimes-қа сілтеп.
Пашинянның сөзінше, ол бұл шешімі туралы Владимир Путинге 1 сәуірде Ресейге жасаған сапары кезінде хабарлаған.
Армения премьер-министрі шеруге бармау себебін елдегі парламент сайлауына дайындықпен байланыстырды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта сайлауалды науқанға жеке қатысу маңызды. Армения ұлттық жиналысына сайлау 7 маусымға жоспарланған. Сайлау қорытындысы бойынша елдің жаңа премьер-министрі анықталады.
Ресейлік агенттіктердің хабарлауынша, биыл Қызыл алаңдағы 9 мамыр шеруі 2007 жылдан бері алғаш рет әскери техникасыз өтеді. Кремль мерекелік шараға бірнеше шетелдік көшбасшының қатысатынын мәлімдеген.
