Ақордадағы кезекті ауыс-түйіс. Айбек кетіп, Роман келді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KUS8bOvkJHS6mg7WxgGz9ZnSXpKvvkA4WbZ6yyNv.jpg

Мемлекет басшысының Жарлығымен Роман Скляр Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Роман Скляр 1971 жылы 8 мамырда Павлодар қаласында дүниеге келген. Экономист және заңтану мамандықтары бойынша Мәскеу заманауи бизнес институты мен Қазақ құқықтану және халықаралық байланыс институтын бітірген.

1989-1990 жылдар аралығында «Екібастұзкөміравтоматика» монтаждау-жөндеу басқармасының монтажшы-слесары, «Казпромтехмонтаж» өндірістік-монтаждау басқармасының Екібастұз құрылыс басқармасының монтажшысы болып жұмыс істеген. 1990-2002 жылдары коммерциялық құрылымдарда еңбек еткен. 2002-2003 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің өтеуге шамасы келмейтін қарыздарымен жұмыс жөніндегі комитеттің Павлодар облысы бойынша басқармасының бөлім бастығы қызметін атқарған. 2003-2005 жылдары Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік сатып алу басқарма бастығы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары. 2005-2006 жылдары Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы, әкім орынбасары. 2006-2007 жылдары Астана қаласының әкімі аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің меңгерушісі. 2007-2008 жылдары Астана қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры. 2008-2010 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары. 2010 жылғы қазаннан бастап 2011 жылғы мамырға дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып еңбек еткен. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі.

2014-2016 жылдары «Қазақстан темір жолы» АҚ вице-президенті. 2016 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің VІ шақырылымында «Нұр Отан» партиясынан депутат болып сайланды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы болды. Сол жылғы мамырда ҚР экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды. 2017-2019 жылдары ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі.

2019 жылғы ақпаннан бері ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметін, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметтерін атқарды.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. 

Айта кетейік, бұған дейін Президент Жарлығымен Айбек Дәдебай Президент Әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылған.

댓글
기타 기사