Атыраулықтар Қазақстан халқының бірлігі мерекесін тойлады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NkTcT7e4kZahfVLQKgxpCKhIBN2G1gW4pjxiWotF.jpg

Атырауда Қазақстан халқының бірлігі күні салтанатты түрде аталып өтті. Сұлтан Бейбарыс алаңында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Бірлікте гүлденген Ұлы дала» атты мерекелік концерт ұйымдастырылып, оған жергілікті өнерпаздар қатысты.

Мерекелік бағдарлама «Musicians» өнер мектебінің хор ансамблінің өнерімен басталды. Қазақ, орыс, кәріс, ұйғыр, татар, грузин және өзбек ұлты өкілдері сахнада салт-дәстүрлерді паш етіп, көрермендерге «Достық биі» атты хореографиялық композиция тарту етті. Бұл қойылым халықтың бірлігі пен өзара түсіністігін әдемі бейнеледі. 

Өңір басшысы Серік Шәпкенов жиналғандарды мерекемен құттықтап, оның айрықша маңызын атап өтті. Ол бірлік пен келісім қағидаттары еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясында нақты көрініс тапқанын айтты.

– Бұл мереке — біздің бейбітшілігімізді, татулығымызды паш ететін мереке. Өзінің құндылығынан өте жоғары тұратын мерекелердің бірі. Ұлы даламыздағы бейбіт өмір мен тұрақтылық көпұлтты халқымыздың бір-біріне деген құрметі мен ауызбіршілігінің арқасында сақталып келеді. 

Бұл – ата-бабадан аманат боп қалған мұра. Осының арқасында еліміз бейбітшілік пен келісімнің үлгісіне айналды. Баршаңызды тағы да осы ұлы мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді С. Шәпкенов.

Мерекелік шара хор ұжымдарының өнерімен және дәстүрлі музыкалық аспаптармен сүйемелденген дефиле-попурримен жалғасты.

– Бұл – сан ұлтты бір шаңырақ астына топтастыратын аса маңызды мереке. Елімізде әрдайым тұрақтылық пен келісім орнап, болашаққа деген сеніміміз нығая берсін! Ортақ құндылықтарымыз бізді біріктіре түсіп, өркендеуге жетелесін! – деді «Таврос» этномәдени бірлестігінің өкілі Изабелла Галстян.

Бүгінде Атырау облысында 50-ден астам ұлт өкілі тұрады және 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың құрамында Ақсақалдар мен Аналар кеңестері, «Жомарт жан» орталығы, журналистер клубы, ғылыми-сараптамалық топ және өзге де құрылымдар бар.

댓글
기타 기사