165 жыл. Абайдың Ақылбайы

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/o45qrNFD5Dg2tfaeMOVoBiQABTg9fO1D6FBFVHv7.jpg

Ақылбай Құнанбаевтың туғанына - 165 жыл. Қазақ әдебиетінде Абай мектебінің көрнекті өкілі саналатын ақынның шығармашылық мұрасы ұлттық руханият тарихында ерекше орын алады.

Ақылбай 1861 жылы қазіргі Абай облысында дүниеге келген. Ол ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының тұңғыш ұлы.

Ақылбай Абайдың жары Ділдәдан туған. Ділдәдан Ақылбайдан басқа Әбдірахим (Әбіш), Мағауия деген балалары болған.

Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным, өзінен бала болмағандықтан, Ақылбайды кішкене күнінен өз бауырына басады. Ақылбай туғанда Абайдың өзі де жас, жаңа отау иесі еді. Сөйтіп, Ақылбай жас күнінен Нұрғаным тәрбиесінде болып, Құнанбай баласы, Құнанбайдың кенже тоқалының еркесі атанып өседі.

Ол ілімін ауыл молдасынан бастап, кейін өздігінен орыс және Еуропа әдебиетімен танысқан. Ақылбай әкесі Абаймен бірге 1893-1894 жылдар Семей қаласындағы бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын Қоғамның толық мүшесі болады. Сөйтіп өз тұсында мәдени-ағарту ісіне де қатынасқаны байқалады.

Ақын ретінде Ақылбай бірнеше поэма жазған. Соның ішінде «Зұлыс», «Жаррах» және «Дағыстан» шығармалары белгілі. «Зұлыс» поэмасы ағылшын жазушысы Генри Райдер Хаггардтың «King Solomon's Mines» романымен үндес келсе, «Дағыстан» поэмасында Кавказ тақырыбы арқылы әлеуметтік мәселелер қозғалған.

Ақын өмірінің соңғы жылдары ауыр қайғымен өтті. Әйелі қайтыс болады. 1895 жылы інісі Әбдірахман (Әбіш), 1904 жылы екінші інісі Мағауия қайтыс болады. Мағауияның соңынан көп кешікпей әкесі Абай қайтыс болады.

Ақылбай Абай өлімінен қырық күннен соң, әкесінің қырқын берген күні, 1904 жылы 43 жасында Семей қаласында кенеттен қайтыс болған.

Ақылбай бейіті Семей облысы, Абай ауданы, өз қыстауы – Тышқан бұлағының қасында.

Ақылбайдан үш бала болған: Әлімқұл, Әубәкір және Исраил.

Бүгінде Ақылбай Құнанбаевтың есімі қазақ әдебиетінде Абай дәстүрін жалғастырған, ұлттық поэзияға өзіндік үлес қосқан тұлға ретінде құрметпен аталады.

댓글
기타 기사