№36 мектепте оқушылар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Осы жағдайдан кейін ата-аналар мектептегі ахуалдың күрт нашарлағанын айтып, дабыл қақты. Олардың сөзінше, мектеп әкімшілігі оқиғаны ашық әрі әділ түрде тексерудің орнына, керісінше, кейбір оқушыларға қысым көрсеткен.
Ата-аналардың мәлімдеуінше, төбелеске қатысты бейнежазбаларды оқушылардың телефондарынан өшіруге әрекет жасалған. Бұл жағдай көпшіліктің наразылығын тудырып, мектеп басшылығының әрекетіне күмән келтірген.
«Оқушылар әкімшілік тарапынан қысым көріп жатыр. Бұл балалардың психологиялық жағдайына кері әсер етіп, мектептегі қауіпсіздік сезімін төмендетеді. Біз ата-аналар ретінде мұндай жағдайдан шаршадық. Мектеп директоры өз міндетін тиісті деңгейде атқара алмай отыр деп есептейміз және оның қызметтен кетуін талап етеміз», – делінген ата-аналардың үндеуінде.
Қалалық білім басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, төбелеске қатысқан оқушылар мектепішілік есепке алынып, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар, оқушыларға психологтардың көмегі ұйымдастырылған. Мектеп басшылығына тәртіптік жаза ретінде сөгіс жарияланған. Ал оқиғаға қатысы бар оқушылардың ата-аналары кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
