Қырғызстан президенті Шахановтың қазасына көңіл айтты

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1LAjTIPSt8XmHx0VnYVaMs63mHenoqgKWALpWoBN.png

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрнекті қазақ ақынының қазасына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды "Адырна". 

"Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрнекті қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады", – деп жазылған ресми сайттағы көңілқоста. 

Мұхтар Шаханов Қазақстанның Қырғызстандағы тұңғыш елшісі болды. Әрі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың досы еді.

"Мұхтар аға бауырлас қазмұхтвақ халқының ғана емес, қалың қырғыз елінің де ақсақалы, сүйенер тірегі еді. Демек, қырғыз жұртшылығы тағы бір асқар тауынан, тағы бір рухани тірегінен айырылып, еңсесі түсіп, жүрегі қан жылап тұрған сәт. Мұндай алып тұлғалардың бақилық болуы жайлы халқымызда "білгенге тұтас бір дәуір кетті" дейді. Шынында да, Мұхтар ағаның мәңгілік сапарға аттануымен күллі түркі әлемі бір дәуірінен айырылды...

Қазақ бабаларымыздың әділдік үшін жанын аямайтын өр мінезін бойына сіңірген Мұхтар аға сонау кеңес дәуірінде де, одан кейін де Отан тағдыры үшін басын бәйгеге тігіп, шындықты тайсалмай айтып келгені алыс-жақынға мәлім. Қуғын-сүргінге ұшыраса да, мойымай, "Желтоқсан оқиғасы" туралы өз пікірін батыл білдіргені жадымызда", – деп жазады Садыр Жапаров.

Ақын түйенің қос өркешіндей қазақ пен қырғызға бірдей жанашыр бола білді.  

"Осындай дарынды, елжанды ұлынан айырылып, қайғы жамылған қазақ жұртына, ақынның туған-туыстарына шын көңіліммен қайғырып, көңіл айтамын.

Қайрат танытып, сабыр сақтаңыздар!", – делінген Қырғыз Республикасы Мемлекет басшысының жеделхатында.

댓글
기타 기사