«Қасиетті кітап» емес: «Ақ жол» Демпартиясы Шымкентте Салық кодексін ашық талқылауды өткізді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/75gT5yUV2XKOyAJ3YHeCwM63ONXIqYFQwYomFM6Z.jpg

2026 жылдың 16 сәуірінде Шымкент қаласында «Ақ жол» Демократиялық партиясы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп ұйымдастырған, жаңа Салық кодексін қолданудың өзекті мәселелері мен оның кәсіпкерлік ортаға әсерін талқылауға арналған жиын өтті.

Талқылауға бизнес өкілдері, салалық сарапшылар, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің басшылығы қатысты.

Азат Перуашев атап өткендей, «Ақ жол» демократиялық партиясы қолданыстағы Салық кодексінің осы редакциясын қабылдауға басынан қарсы болып, Мәжілістегі бірінші және екінші оқылымдардың барлығында оған қарсы дауыс берген. Партия кәсіпкерлік орта үшін елеулі кемшіліктер мен тәуекелдердің бар екенін атап көрсеткенімен, «Ақ жол» ұсынған жүзден астам түзетуді қоса алғанда, көптеген ұсыныстар ескерілмеді.
Алайда бизнес пен партия ұстанымын ақырында Мемлекет басшысы қолдады: Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметке Салық кодексінің нормаларын қайта қарап, қажет болған жағдайда өзгерістер енгізуді тапсырды. Осыған байланысты «Ақ жол» анықталған түйткілді мәселелерді ескере отырып бұрын қабылданбаған ұсыныстарын қайта енгізбек.

«Ақ жол» демпартиясы төрағасының салық бойынша кеңесшісі Антонина Ан салық саясатын қалыптастыру кезінде бизнестің әртүрлі салаларының ерекшеліктерін ескеру қажеттігін айтып, әсіресе бөлшек сауда үшін мөлшерлемелерді көтерудің сезімтал мәселе екенін жеткізді. Ол ашық әрі болжамды әкімшілендірудің, енгізілген цифрлық бақылаудың, адал салық төлеушілерді қорғаудың маңызын атап өтіп, жауапкершілікті сатып алушыларға жүктеуге болмайтынын, сондай-ақ тиімді шағымдану тетіктері мен мемлекет пен бизнес мүдделерінің теңгерімі болуы қажет екенін айтты.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов уәкілетті органның ұстанымын жеткізіп, «көлеңкелі» айналым, жалған жеткізу тізбектері мен формалды құжат айналымы мәселелерін атады.
Негізгі баяндамалардан кейін ашық сұрақ-жауап сессиясы өтті. Онда еліміздің әр өңірінен келген бизнес қауымдастық өкілдері комитет төрағасының орынбасарына тәжірибелік сипаттағы көптеген сұрақтарын қойды.
Атырау, Қызылорда облыстары, Алматы қаласы мен Түркістан облысы өкілдерінің қатысуымен қызу пікірталас өтіп, онда ҚҚС қолдану, шегерімдерді есепке алу, халықаралық тасымалдар, салық режимдері, ҚҚС шектері, сән-салтанат салығы, активтерді қайта бағалау, қызмет түрлерінің классификациясы және есептілікті әкімшілендіру мәселелері көтерілді.
Талқылау қорытындысы бойынша «Ақ жол» демократиялық партиясы қазіргі мемлекет пен бизнес мүдделерінің тепе-теңдігі қағидатын ескере отырып, салықтық реттеу үлгісі әрі қарайғы жүйелі түрде жетілдіруді қажет ететінін атап өтті. Кездесу кәсіпкерлер қауымдастығының құқықтық белгісіздік пен адал нарық қатысушыларына артық қысым жасамайтын, түсінікті, ашық әрі болжамды ережелерді талап ететіндігін растады.
«Ақ жол» демпартиясы кәсіпкерлер мүддесін қорғау және елдегі іскерлік белсенділікті қолдау мен тұрақты экономикалық дамуға негізделген салық саясатын жетілдіру бойынша жұмыстарын жалғастыра береді.

댓글
기타 기사