АҚШ президенті Дональд Трамп жасанды интеллект көмегімен жасалған, өзін Иса пайғамбар бейнесіне ұқсатып көрсеткен суретті өшіріп, қоғамда қызу талқылауға себеп болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.
Аталған жарияланым Truth Social платформасында пайда болған. Бұл жағдай Трамп пен Рим Папасы Лев XIV арасындағы пікірталас аясында орын алғаны хабарланды.
БАҚ мәліметінше, суретте Трамп ақ мантия киіп, өзін емші ретінде бейнелеген. Алайда ол өзін Иса пайғамбарға ұқсатты деген пікірлерді жоққа шығарып, мұны «жалған ақпарат» деп атады.
«Дәрігер ретінде адамдардың сауығып кетуіне көмектесуім керек, және мен шынымен де көмектесіп жүрмін», — деді Дональд Трамп журналистерге.
Аталған сурет әсіресе діни консерваторлар арасында сынға ұшырап, қоғамда түрлі пікір туғызды. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай Трамптың діни электоратымен қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін.
