Жаңа Конституция жобасы: азамат құқығы мен билік құрылымын жаңаша көзқараспен реформалау

230
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Sl610qpDpEnOKg3jo9RK38t3NgNmR11KaswaeJVK.webp

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы қолданыстағы Конституциямен салыстырғанда мемлекеттің құқықтық болмысын, билік тармақтарының құрылымын және азаматтың құқықтық мәртебесін жаңаша көзқарас тұрғысынан қайта қалыптастыруды көздейді. Бұл өзгерістер жекелеген баптарды түзетумен ғана шектелмейді, керісінше мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік пен серіктестік қағидаларын қайта қарастыруға бағытталған. Сондықтан негізгі нормаларды салыстырмалы түрде талдау олардың мәнін тереңірек ашуға мүмкіндік береді.

Қолданыстағы Конституцияның 1-бабында Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде сипатталып, адам, оның өмірі мен құқықтары ең жоғары құндылық деп танылады. Ал жаңа Конституция жобасының 1-бабында осы қағида одан әрі нақтыланып, мемлекеттің басты құндылығы – адам екені айқын әрі нақты тұжырымдалады. Бұл жерде мемлекет өз мақсатын адамның игілігімен байланыстыратын, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды негізгі міндет ретінде айқындайтын модельге көшетіні байқалады.

Жеке өмірге қол сұқпаушылық мәселесінде де айтарлықтай жаңалықтар бар. Қолданыстағы редакцияда бұл құқық дәстүрлі байланыс құралдарының құпиясымен шектелсе, жаңа жобада ол цифрлық кеңістікке толыққанды таралады. Жеке деректерді қорғау, оларды заңсыз жинау мен пайдалануға жол бермеу, электрондық ақпарат алмасудың құпиялылығын сақтау Конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл — қазіргі технологиялық даму жағдайында азаматтың құқықтарын қорғаудың өзекті әрі заманауи тетігі.

Жаңа Конституция жобасындағы елеулі өзгерістердің бірі – Вице-Президент лауазымын енгізу және Президент өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуы жағдайындағы билік беру тәртібін жаңаша айқындау.

Қолданыстағы Конституцияда мұндай лауазым қарастырылмаған. Президент өз өкілеттігін жүзеге асыра алмай қалған жағдайда, оның функциялары алдымен Сенат Төрағасына, кейін Мәжіліс Төрағасына, одан соң Премьер-Министрге өтеді (48-бап).

Жаңа жоба бұл модельді өзгертеді. 49-бапта Вице-Президент дербес конституциялық лауазым ретінде бекітіледі. Ол Президенттің ұсынуымен тағайындалып, Кұрылтайдың көпшілік даусымен мақұлданады. Сонымен бірге Вице-Президентке бірқатар шектеулер қойылады: ол депутат бола алмайды, кәсіпкерлікпен айналыспайды, өзге ақы төленетін қызмет атқармайды және өкілеттігі кезеңінде саяси партия құрамында болмайды.

Осылайша, билік сабақтастығының құрылымы қайта жүйеленеді. Бұл тәсіл билік ауысу механизмін алдын ала айқындалған тұлғаға жүктеп, басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, адвокатура институтының мәртебесі де жаңа деңгейге көтеріледі. Бұрын тек білікті заң көмегін алу құқығы көрсетілсе, енді адвокатура Конституцияда дербес институт ретінде бекітіледі. Бұл оның сот төрелігін жүзеге асырудағы маңызын күшейтіп, азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөлін айқындай түседі.

Шын мәнінде, ұсынылып отырған өзгерістер тек жекелеген нормаларды жетілдірумен шектелмейді. Бұл бастама елдің институционалдық және құқықтық негіздерін жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттік басқару жүйесін қайта құруға бағытталған кешенді қадам болып табылады. Соның нәтижесінде мазмұны мен рухы жаңарған, тұжырымдамалық тұрғыда өзгеше сипатқа ие жаңа конституциялық құжаттың келбеті айқындалады.

Жаңартылған Конституция жобасында тәуелсіздігін нығайтып, болашаққа сенімді қадам басқан Қазақстанның берік мемлекет ретіндегі құндылықтары, стратегиялық басымдықтары мен даму бағдарлары көрініс табады. Бұл — қоғам сұранысына жауап беретін, заманауи сын-қатерлерді ескеретін құқықтық негіз қалыптастыру талпынысы.

Сонымен қатар, қолданыстағы Конституцияның тарихи рөлін де ерекше атап өткен жөн. Ол еліміздің егемен мемлекет ретінде орнығып, құқықтық және саяси жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосты. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі күрделі үдерістерде тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз еткен басты құқықтық тірек те осы Ата Заң болды.

Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы мемлекеттің қызметін азамат мүддесіне бағыттауға, құқықтық кепілдіктерді күшейтуге және билік жүйесін жетілдіруге арналған ауқымды құқықтық жаңғыруды білдіреді. Ұсынылған өзгерістер әділетті, ашық әрі жауапты мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруға негіз болады.

 

                   Елікбай Мақсат Әбдумүталыпұлы, 

М. Әуезов атындағы ОҚЗУ

«Заң» факультетінің деканы

                           

댓글
기타 기사