Эпштейн файлдары. Бұрынғы ханзада Эндрю қамауға алынды

167
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Uc6nBQM9aPAR5FzybRKCYwVHg1W6lflAz5g3L9VU.webp

Фото:Reuters 

Ұлыбританияда король отбасының бұрынғы мүшесі, Йорк герцогы атанған Эндрю Маунтбаттен-Виндзор қамауға алынды. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Тергеу «Эпштейн файлдары» деп аталатын жаңа материалдарға байланысты жүргізілуде.

Британдық The Telegraph газетінің мәліметінше, ұстау шарасы таңертең ерте Норфолк аймағындағы Wood Farm коттеджінде өткен. Соңғы апталарда Эндрю дәл осы жерде тұрған.

Сағат таңғы сегіз шамасында үйге азаматтық киімдегі полиция қызметкерлері келген. Операция шамамен жарты сағатқа созылған. Кейін кортеж аумақтан кеткен.

Thames Valley Police шамамен 60 жастағы ер адамның ұсталғанын және оның қамауда отырғанын растады. Сонымен қатар Беркшир графтығындағы тағы бір мекенжайда, соның ішінде Royal Lodge аумағында тінту жүргізілгені хабарланды.

Полиция мәліметінше, ер адам «қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану» күдігі бойынша ұсталған. Тергеу жалғасуда.

Тергеу Эндрюдің Ұлыбританияның арнайы сауда өкілі қызметін атқарған кезеңіне қатысты жүргізілуде. Құқық қорғау органдары «Эпштейн файлдарындағы» жаңа деректерді тексеріп жатыр. Атап айтқанда, америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнге құпия ақпарат берілген болуы мүмкін деген жайт қарастырылуда.

Эндрю өзіне тағылған барлық айыптауларды жоққа шығарып отыр.

Іске бірнеше полиция басқармасы мен Ұлттық қылмыспен күрес агенттігі тартылған. Сонымен қатар Лондон полициясы бұрын Эндрюмен жұмыс істеген корольдік күзет қызметкерлеріне қатысты процедуралық талаптардың сақталуын тексеруде.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер BBC Breakfast эфирінде заң алдында бәрі тең екенін атап өтті. Оның айтуынша, кімге қатысты тергеу жүргізілсе де, барлық азамат заң талаптарына бағынуға міндетті.

Эндрюдің аты Джеффри Эпштейн ісіне байланысты бірнеше жыл бойы аталып келеді. 2019 жылы ол корольдік отбасы мүшесі ретіндегі қоғамдық міндеттерін тоқтатты. Кейін ол азаматтық талап-арызды соттан тыс келісім арқылы реттеген.

2022 жылы марқұм патшайым ІІ Елизавета оны бірқатар корольдік міндеттерінен айырған болатын. Ал 2025 жылдың қазанында ІІІ Чарльз інісін ханзада титулынан біржола айырғаны хабарланған.

Эндрю Маунтбаттен-Виндзор — ІІ Елизавета мен ханзада Филипптің кіші ұлы, ІІІ Чарльздің інісі. Ол 20 жылдан астам Корольдік флотта қызмет етіп, Фолкленд соғысына қатысқан. 1986–2025 жылдары Йорк герцогы титулын иеленіп, британ тағының мұрагерлік тізімінде сегізінші орында болған.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Ресми айып тағу мәселесі қосымша тексерулер нәтижесіне байланысты шешіледі.

댓글
기타 기사