Исламабадта қазақ ғылымы мен мәдениетіне арналған 3 орталық ашылды

164
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vt2Nrk509hqhIsww7FEDXOOaQo2bUNJjF0e5UbdA.jpg

Исламабадта Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтатын бірқатар маңызды жоба жүзеге асты. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна". 

Ұлттық ғылым және технологиялар университетінде Satbayev University серіктестігімен құрылған Қаныш Сәтбаев атындағы ғылыми-білім беру орталығы ашылды. Жаңа алаң бірлескен зерттеулер жүргізуге, академиялық алмасуды дамытуға және инженерлік кадр даярлауға бағытталған.

«Қаныш Сәтбаев есімі тек тарихтың еншісінде қалмауы керек. Ол ертеңгі зерттеулермен, жас ғалымдардың ізденісімен және технологиялық серпінмен қатар аталуы маңызды», – деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ Кайд-и-Азам университетінде Әл-Фараби атындағы орталық іске қосылды. Бұл орталық гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге, қазақ мәдениетін насихаттауға және білім беру бастамаларын дамытуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қазақ тілін оқытуға қатысты жобалар қолға алынбақ.

Ал Исламабадтағы Халықаралық ислам университеті базасында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Орталық Азияның ислам ойы, мәдениеті және өркениеті бойынша ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Жаңа құрылым ортақ зияткерлік мұраға негізделген ғылыми ізденістер мен академиялық диалогты дамытуға бағытталған.

Ресми бағдарламадан тыс өткен кәсіби кездесулердің де маңызы ерекше болды.

«Көбіне дәл осындай бейресми диалогтар ең тұрақты әрі өміршең әріптестіктің іргесін қалайды», – деп атап өтті министр.

Оның пікірінше, бұл бастамалар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

«Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ғылым және білім саласындағы ықпалдастық тереңдей түсіп келеді. Бұл үдерісте адамдар, университеттер және нақты бірлескен жобалар басты қозғаушы күшке айналып отыр», – деді Саясат Нұрбек.

댓글
기타 기사