Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаржылық тәртіп пен әлеуметтік әділеттілікке бағытталған саясаты: экономист көзқарасы

173
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jMVqK6QwC30l8x0ERpg2jZzLJqr9yOgnxnMhq5ea.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары әлеуметтік саладағы қаржылық тәртіпті күшейту, алаяқтықпен күрес, капиталдың заңсыз шығарылуына тосқауыл қою және патриотизмді жауапкершілік пен адал еңбек арқылы түсіндіру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Бұл бастамалар елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, азаматтардың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді күшейтуге бағытталған.

Осы маңызды мәселелерге қатысты өз пікірін экономист, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Юлия Владимировна Баева білдірді.

Президент әлеуметтік салада, соның ішінде білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінде қаржылық тәртіп орнатудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл шешім азаматтардың өмір сапасын арттыруға және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға қаншалықты ықпал ете алады?

– Бұл мәселе тікелей бюджет қаражатын тиімді пайдалану тақырыбына қатысты. Қаржы министрлігінің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (оған да бюджет қаражаты бағытталады, мысалы, жеңілдік санатындағы азаматтар үшін төленетін жарналар) қызметіне жүргізген тексерістері барысында жалған пациенттерді тіркеу, дәрі-дәрмектерді шамадан тыс мөлшерде жазып беру сияқты заңбұзушылықтар анықталуда. Соның салдарынан басқа науқастар қажетті дәрі-дәрмек пен сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай отыр. Бюджет – бұл қайта бөлуші механизм, ол сонымен қатар әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуге бағытталған. Ал бюджет қаражаты шектеулі, сондықтан оны тиімсіз пайдалану шын мәнінде көмекке мұқтаж, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға толық көлемде қолдау көрсетуге мүмкіндік бермейді. Осы тұрғыда қаржылық бақылау арқылы бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері реттеуші мемлекеттік органдар үшін басым бағыт болып табылады.

Мемлекет басшысы қаржылық алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы күресті күшейту қажеттігін мәлімдеді. Бұл бастама азаматтардың жинақтарын қорғау және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру тұрғысынан қаншалықты өзекті?

– Менің ойымша, бұл бастама өте өзекті. Алайда ол азаматтарды алаяқтықтан қорғаудың өзге де тетіктерімен, ең алдымен, халықтың қаржылық сауаттылығын арттырумен қатар жүзеге асырылуы тиіс. Бұл – өміріміздің цифрлық трансформациясына байланысты туындаған сөзсіз әрі қайтымсыз талап. Біз, азаматтар, цифрлық гигиена мен қауіпсіздік дағдыларын нығайтуымыз қажет. Экономикадағы қандай табыстылық деңгейі қалыпты, ал қайсысы аномальды екенін, қандай табыс табу жолдары заңды әрі қауіпсіз екенін түсіну маңызды. Осы бағыт қаржылық алаяқтықтың өсуін тежеуде шешуші рөл атқарады деп есептеймін.

Президент капиталдың заңсыз түрде шетелге шығарылуын елдің экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қатер деп атады. Мұндай ұстаным ұлттық экономиканы қорғауға, жұмыс орындарын сақтауға және халық табысын арттыруға қалай әсер етуі мүмкін?

– Бұл жерде ең алдымен мұндай капиталдың не себепті сыртқа шығарылатынын түсіну маңызды. Менің ойымша, бұл қаражаттың негізгі көздері – ұрлық, соның ішінде бюджет қаражатын жымқыру, сондай-ақ заңды және заңсыз қызметтен жасырылған табыстар. Сондықтан капиталдың заңсыз шығарылуы – жеке дара мәселе емес, ол экономиканың көлеңкелі, бақыланбайтын секторының ажырамас бөлігі. Оның салдары экономиканың дамуына кері әсер етеді: табыстардың жасырылуы бюджет кірісінің азаюына, қаражаттың ұрлануы немесе мақсатсыз жұмсалуы мемлекеттік шығындардың тиімсіздігіне, ал бейресми секторда еңбек ететін азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмауына әкеледі.

Мемлекет басшысы патриотизмді жауапкершілік пен адал еңбек арқылы түсіну қажеттігін атап өтті. Сіздің ойыңызша, мұндай көзқарас қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды нығайтуға және азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға қалай ықпал етеді?

– Патриотизмді жауапкершілік пен адал еңбек арқылы түсіну – ел азаматтары мен билік өкілдері үшін ортақ құндылықтар мен бағдарларды қалыптастыруды білдіреді. Бұл өз кезегінде қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Алайда қазіргі жағдайда – демонстративті тұтыну, әлеуметтік желілерде көрсетілімге бағытталған өмір салты, күш-жігер мен еңбексіз жоғары нәтижеге жетуге ұмтылу белең алған заманда – мұндай құндылықтарды орнықтыру оңай емес. Соған қарамастан, бұл ұстанымда қоғамдық әл-ауқат әрбір азаматтың нақты жауапкершілігі мен адал еңбегімен тығыз байланыстырылып отыр.

댓글
기타 기사