Украинаның экс-президенті тағы да сырттай сотталды

392
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YTcC4F0KlA0XCxZGaqSVc6Dd0R96S90qADd0erwM.webp

Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичке тағы бір сырттай үкім шығарылды. Елдің жоғары антикоррупциялық сотының мәліметінше, ол жер телімдерін заңсыз иемденгені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес, 2007 жылы сол кездегі премьер-министр Виктор Янукович Киев облысындағы Днепр–Тетерев орман-аңшылық шаруашылығына тиесілі орман қоры жерін иемдену мақсатында жер бөлу туралы шешімдердің қабылдануына бастамашы болған.

«Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін бұрынғы президенттің сыбайластары өздеріне жақын адамдарды тартқан. Олар Киев облыстық мемлекеттік әкімдігіне әрқайсына 1 гектарға дейін жер бөлу туралы өтініш берген. Кейін бұл жерді бұрынғы президентке бағынышты компанияға кедергісіз өткізуге мүмкіндік берген», – делінген хабарламада.

2009–2011 жылдары бұл аумақта қонақүй-мейрамхана кешені салынған, оны Виктор Янукович жеке қажетіне пайдаланған.

Сот бұрынғы президентті орман қорының 17,5 гектар жерін заңсыз иемденгені үшін кінәлі деп таныды. Жердің шамамен құны 22 млн гривеннен (шамамен 260 млн теңге - ред.) асады.

2025 жылдың сәуірінде Виктор Янукович тағы да сырттай 15 жылға сотталған болатын. Ол дезертирлікке арандату және мемлекеттік шекарадан заңсыз өткізу ісін ұйымдастырды деп айыпталған.

2019 жылдың қаңтарында Януковичке Украинаға опасыздық жасағаны және елге қарсы агрессиялық соғысты қолдағаны үшін 13 жыл түрме жазасы тағайындалған еді. Бұл үкім де сырттай шығарылған, себебі ол 2014 жылы елден қашып кеткен.

Бұған дейін Украина бас прокуратурасы экс-президент Виктор Янукович Ресейдің Мәскеу облысындағы Барвиха елді мекенінде тұрып жатқанын хабарлаған.

Виктор Янукович — Украинаның төртінші президенті (2010–2014). Ол екі рет Украина премьер-министрі де болған.

댓글
기타 기사