Көп кітап оқыған шенділер ақшалай марапатталады

115
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/i8q1508ZKHy1UtbRz7ivjRqX9TaxRHj8AyvsK3HG.webp

Өзбекстанда мемлекеттік орган қызметкерлері, мектеп оқушылары мен студенттер арасында ең көп кітап оқыған азаматтарға ақшалай сыйақы берілмек, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.

Бұл туралы ел президенті елдің әділет министрлігі  хабарлады.

Құжатқа сәйкес, 1 наурызға дейін барлық министрлік пен ведомство қызметкерлердің кәсіби бағытына сай ұсынылатын әдебиеттер тізімін жасайды. Сонымен қатар жыл сайын шетелдік авторлардың кемінде үш кітабы өзбек тіліне аударылып, оған сарапшылардың түсіндірмелері мен глоссарий қоса беріледі.

1 сәуірден бастап әрбір мемлекеттік мекемеде «Кітап бұрышы» ашылып, қызметкерлер үшін ай сайын «Кітап оқу сағаты» ұйымдастырылады. Ведомстволарда оқу мәдениетінің ішкі рейтингі жүргізіледі. Ең көп кітап оқыған шенеуніктерге Арнайы материалдық ынталандыру қоры есебінен бір айлық жалақы мөлшерінде сыйақы төленеді.

Сондай-ақ үздік 100 кітапсүйер қатарына енген мектеп оқушылары мен студенттер де марапатталады. Оларға базалық есептік шаманың 25 еселенген мөлшерінде — 10,3 млн сум (шамамен 437 мың теңге) көлемінде ақшалай сыйақы қарастырылған.

Президент қаулысында Жастар ісі жөніндегі агенттік жанынан Оқу мәдениетін дамыту қоры құрылатыны айтылған. Қор қаражаты жас жазушылардың шығармаларын басып шығаруға, балалар әдебиеті жобаларын қолдауға, дарынды авторларды анықтауға арналған байқаулар өткізуге және бір жылға дейін ай сайын 20,6 млн сум немесе 875 мың теңге көлемінде төлем жасауға бағытталады.

Бұдан бөлек, қор есебінен жергілікті жазушылардың кітаптарын басып шығару шығындарының 50 пайызы, ал шетел әдебиетін өзбек тіліне және отандық шығармаларды шет тілдеріне аудару кезінде авторлық құқық шығындарының 80 пайызы өтеледі.

댓글
기타 기사