АҚШ-та Венесуэла президенті Николас Мадуроға және оның жұбайы Силия Флореске ресми түрде айып тағылды. Бұл туралы АҚШ-тың бас прокуроры Пэм Бонди мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оның айтуынша, айыптау актісі Нью-Йорк штатының оңтүстік округінде тіркелген. Николас Мадуро наркотерроризм мақсатындағы сөз байласу, кокаин тасымалдауды ұйымдастыру, пулеметтер мен жойқын құрылғыларды заңсыз иелену, АҚШ-қа қарсы қастандық жасау баптары бойынша айыпталып отыр.
Пэм Бонди әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде айыпталушылардың жақын арада АҚШ аумағында америкалық сот алдында жауап беретінін атап өтті. Ол президент Дональд Трампқа және арнайы операция жүргізген әскери қызметкерлерге алғыс білдірді.
ABC News дерегінше, Николас Мадуро ұшақпен Нью-Йоркке жеткізілуде, алайда оның нақты қай жерде қамауда ұсталып жатқаны әзірге нақтыланбаған. Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, Мадуроны ұстау операциясын АҚШ армиясының Delta Force арнайы жасағы жүзеге асырған.
Венесуэланың вице-президенті Делси Родригес мемлекеттік телеарнада сөйлеген сөзінде Мадуро мен оның жұбайының нақты қайда екенін білмейтінін айтты.
Бұған дейін Дональд Трамп Венесуэла президенті мен оның жұбайының ұсталып, елден әкетілгенін мәлімдеген еді.