Швейцарияның оңтүстік-батысындағы Кран-Монтана тау-шаңғы курортында жаңа жыл түні өрт болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Le Constellation атты барда шыққан өрт салдарынан шамамен 40 адам қаза тауып, 100-ге жуық адам жарақат алды.
Reuters агенттігінің мәліметінше, оқиға 1 қаңтарға қараған түні шамамен сағат 01:30-да болған.
Бардың жертөле бөлігінде түтін шығып, өрт өте жылдам таралған. Алғашында жарылыс болғаны туралы ақпарат тарағанымен, полиция бұл мәліметті жоққа шығарды.
Төтенше жағдай кезінде бар ішінде шамамен 100 адам болған.
Зардап шеккендерді эвакуациялау үшін кемінде 10 тікұшақ пен 40 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды. Құтқару жұмыстарына 150-ге жуық дәрігер мен құтқарушы қатысуда. Вале кантонындағы жақын маңдағы аурухананың жансақтау бөлімі толып кеткен. Курорт аумағында уақытша ұшуға тыйым салынды.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына мерекелік пиротехниканың тұтануы себеп болуы мүмкін. Дегенмен, кантонның бас прокуроры Беатрис Пиллуд нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтып, оқиғаның террорлық актімен байланысы жоқ екенін мәлімдеді.
Швейцария президенті Ги Пармелин жаңа жылдық үндеуін кейінге қалдырып, оқиға орнына аттанды. Ол бұл трагедияны елді және әлем жұртшылығын есеңгіреткен қайғылы жағдай деп атады.
Басқа елдер қаза тапқандар арасында өз азаматтары бар-жоғын анықтау үстінде, соған сай тиісті мәліметтер таратуда. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында бұл туралы әзірге 1 қаңтар күні ештеңе айтылмаған. Айбек Смадияров қызметтен кеткелі ресми өкіл де тағайындалмаған.