2026 жылдан бастап не өзгереді?

444
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pj5ctLdTNjCp4TsZOsYu49PfGa266Cwv6vLZNybz.jpg

2026 жылдың қаңтарынан бастап елімізде бірқатар маңызды өзгеріс болады. Айлық есептік көрсеткіш пен күнкөріс минимумы өсіп, соның әсерінен салықтар мен айыппұлдар да, сондай-ақ зейнетақы және кейбір жәрдемақы да артады. «Адырна» тілшісі өзгерістерге шолу жасады.

Жаңа Салық кодексі

1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Ондағы ең маңызды өзгерістердің бірі – ҚҚС мөлшерлемесінің 16%-ға дейін өсуі. Сондай-ақ ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 15 миллион теңгеден 40 миллион теңгеге дейін көтерілді.

Соған қарамастан, бірқатар тауар мен қызметтер ҚҚС-тан босатылады. Бұл норма тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі тауарлар мен қызметтерге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметтеріне, отандық басылым кітаптарына және оларды баспа түрінде шығаруға қатысты қызметтерге қолданылады.

Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 20% болады. Алайда бизнес санаттарының кейбірі үшін ерекшеліктер қарастырылған: банктер мен ойын бизнесі үшін – 25%, әлеуметтік сала ұйымдары үшін – 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10%, ал ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін мөлшерлеме 3% деңгейінде сақталады.

Жеке табыс салығы бойынша да прогрессивті мөлшерлемелер енгізіледі. Табысы 8500 айлық есептік көрсеткішке дейін (яғни 33,5 миллион теңгеге дейін немесе 66,6 мың долларғадейін) болатын қазақстандықтар бұрынғыдай 10% төлейді. Ал бұдан жоғары табыс тапқандарға 15% мөлшерлеме қолданылады. Дәл осындай тәсіл жеке тұлғалардың дивидендтеріне салынатын салыққа да енгізіледі. Егер дивидендтен түсетін табыс жылына 230 000 АЕК-тенаспаса. 5% жеңілдетілген мөлшерлеме алынады. Ал одан жоғары болса, мөлшерлеме 15%-ға дейін өседі.

Есептік көрсеткіштер қалай өзгерді?

2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш 4325 теңгеге (8,6 доллар) дейін өсті. 2025 жылы АЕК 3932 теңге (7,8 доллар) болған.

Бұдан бөлек, өзге де көрсеткіштер өзгерді. Атап айтқанда:

• мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге;

• зейнетақының ең төменгі мөлшері – 69 049 теңге;

• күнкөріс минимумы – 50 851 теңге.

Зейнетақылар мен жәрдемақылар

Базалық және ынтымақты зейнетақылар инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға ұлғайтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023-2027 жылдар аралығында базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасып жатыр. Нәтижесінде:

ең төменгі базалық зейнетақы – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына,

ең жоғарысы – 120%-ына дейін жеткізіледі.

2026 жылы базалық зейнетақы мөлшері:

Ең төменгісі – 35 596 теңге;

Ең жоғарғысы – 60 005 теңге.

2026 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылар да өседі. Атап айтқанда, бір, екі немесе үш бала туған кезде берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, ал төрт және одан да көп бала туған жағдайда 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін өседі. Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы да артады: төрт баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге, ал 10 баласы бар отбасылар үшін 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін ұлғаяды.

Мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақылардың мөлшері де 10 пайызға өседі.

  • Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға төленетін жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге,
  • екінші топтағыларға 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге,
  • үшінші топтағыларға 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін көбейеді.

Тұрғын үй бағасы өсуі мүмкін

Жылқы жылынан бастап құрылыс компаниялары қосылған құн салығын төлейді. Жаңа салық кодексіне сәйкес, баспананы қолданысқа беру кезінде 16% төлеуге міндетті. Сарапшылар мен нарық талдаушыларының пікірінше, бұл өзгерістер жаңа тұрғын үй бағасының өсуіне алып келуі мүмкін. Алайда жаңа салық ережелері тек құрылысы 2026 жылы басталатын тұрғын үй кешендеріне ғана қатысты болатынын ескеру керек.

Көлік салығындағы өзгерістер

1 қаңтардан бастап мүлік, жер және көлік салығын төлеу ережелері өзгерді. 10 жыл жүрген темір тұлпарға 30%,  20 жылдан асқанына 50% жеңілдік жасалады. Қозғалтқыш көлемі үлкен автомобильдерге салынатын қосымша салық та алынып тасталады. Қазір 3 литрден үлкен қозғалтқышы бар көліктерге салық көбірек, енді бәріне бірдей болады. Бұдан бөлек, көлік салығы  жүргізуші куәлігіндегі категорияға қарай есептелмек.

Жылжымайтын мүлік нарығында өзгерістер

Жаңа Салық кодексі күшіне енуіне байланысты жылжымайтын мүлікті сату кезіндегі салық салу тәртібі де өзгерді. Пәтер немесе үй сатқанда салық төлеу талаптары қатаңдады. Салық екі шарт бірдей орындалғанда ғана салынады:

– мүлік пайдамен сатылса (сатып алған бағадан қымбатқа өтсе);
– ең төменгі иелік ету мерзімі сақталмаса.

2026 жылдан бастап бұл мерзім 2 жыл болып белгіленді. Сонымен қатар прогрессивті салық шкаласы енгізілді:

– 36,7 млн теңгеге дейінгі пайдаға (8500 АЕК) — 10%;
– одан асқан бөлігіне — 15%.

Сондай-ақ салынып жатқан үйден пәтерді тек банк арқылы, қолма-қол емес есеп айырысу жолымен ғана сатып алуға болады. Қолма-қол төлемге толық тыйым салынды.

Жол ережесін бұзғандарға айыппұл өседі

Автокөлікті міндетті сақтандырусыз басқарған жүргізушіге 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл 43 250 теңгені құрайды.

Жол қозғалысы ережесін бұзғандарға қолданылатын айыппұлдар:

Белгіленген жылдамдықты 10–20 км/сағ-қа асырғаны үшін – 5 АЕК (21 625 теңге);

Жылдамдықты 20-40 км/сағ асырғаны үшін 10 АЕК – 43 250 теңге;

Жылдамдықты 40 км/сағ асырғанда 20 АЕК – 86 500 теңге.

Аталған құқықбұзушылықтар бір жыл ішінде қайта жасалса, 30 АЕК мөлшерінде, яғни 129 750 теңге айыппұл салынады.

Жүргізуші куәлігі жоқ күйде көлік басқарғандарға – 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл қарастырылған. Ал көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның рөлге отыруы 50 АЕК (216 250 теңге) айыппұл салуға немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға әкелуі мүмкін.

Жол белгілерінде көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін – 3 АЕК, яғни 12 975 теңгеайыппұл белгіленген.

Жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен жағдайда 10 АЕК немесе 43 250 теңге айыппұл арқалайды. Құқықбұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері 15 АЕК немесе 64 875 теңгеге дейін артады.

Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған жолмен, жол жиегімен немесе тротуармен көлік жүргізгендерге 15 АЕК (64 875 теңге) айыппұл салу көзделген.

Банктік аударымдарды бақылау

1 қаңтардан бастап мобильді аударымдар арқылы салықтан жалтарған жеке тұлғаларға қатысты бақылау тетіктері кезең-кезеңімен іске қосылады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеген еді. Оның айтуынша, мобильді аударымдарды бақылау қағидаларына өзгерістер енгізілген. Бұған дейін тек екі көрсеткішке – үш ай қатарынан әртүрлі 100 адамнан аударым алу фактісіне сүйеніп тексеру жүргізу көзделген. Алайда қоғам тарапынан ұсыныстар көп түскеннен кейін үшінші критерий қосылған. Енді аударымдар тек белгілі бір сомадан асқан жағдайда ғана бақылауға алынады. Бұл шек 12 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни шамамен 1 миллион теңгеден жоғары болуы тиіс.

댓글
기타 기사