Тоқаев "Путин резиденциясына шабуыл" әрекетін айыптады

635
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kDxJb80zX6AQDUrZG7rmlJRUWK55ZsbLP9jJRNmr.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы бүгін, 30 желтоқсанда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекеттер басшылары екіжақты ықпалдастықтың қазіргі жай-күйін талқылап, биыл Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы мазмұнды әрі нәтижелі болғанын атап өтті.

Негізгі жетістіктердің бірі ретінде екі елдің байланысы жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жеткенін айтуға болады. Бұл мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңіне айналды.

Қазақстан президенті Украина қақтығысын реттеу бойынша келіссөз процесінің ілгерілеуін құптап, өзара берік уағдаластыққа қол жеткізуге бағытталған саяси-дипломатиялық тәсілдерді жалғастыру қажет екеніне тоқталды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы президентінің "мемлекеттік резиденциясына шабуыл жасау" әрекеттерін айыптайтынын жеткізіп, мұның бітімге келуге және қақтығыстың саяси шешімін іздеуге кері әсер ететінін айтты.

Әңгімелесу соңында мемлекеттер басшылары бір бірін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, қос халыққа бақ-береке тіледі.

Еске салайық, бұған дейін Ресей басшысының көмекшісі Юрий Ушаков Украинаның Владимир Путиннің резиденциясына шабуыл жасағанын мәлімдеген еді.

Оны Украина президенті Владимир Зеленский жоққа шығарған. Киев Мәскеу бұл айыптауларға әлі дәлел келтірмеді деп санайды.

댓글
기타 기사