"Махалла дамыса, бүкіл ел өркендейді". Өзбек президенті 2026 жылға арналған жолдауын жариялады

194
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/aR3bt33MUtibje3PbDIcrgqKgVDugT3zuqEgS3ic.jpg

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 2026 жылды «Махаллаларды дамыту және қоғамның өркендеу жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама 26 желтоқсанда мемлекет басшысының Олий Мәжіліске және халыққа жасаған жолдауында айтылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Президент өз сөзінде махалланы қоғамның басты әлеуметтік тірегі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, ел тарихындағы қиын кезеңдерде халықтың бірлігі мен өзара қолдауы дәл осы махалла деңгейінде көрініс тапқан.

«Егер махалла тыныш әрі тату болса, қоғам да тұрақты болады. Ал махалла дамыса, бүкіл ел өркендейді», — деді Шавкат Мирзиёев.

2026 жыл барлық негізгі салаларда түбегейлі өзгерістер кезеңі болмақ. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару, сот-құқық жүйесі, экономика, білім беру, ғылым, медицина, мәдениет, спорт және экология салаларын кешенді дамыту көзделіп отыр. Осы мақсатта арнайы мемлекеттік жоспар қабылданады.

Аумақтарды дамытуда кешенді тәсіл енгізіледі. Әр өңірде екі-үш аудан таңдалып, онда инфрақұрылым мәселелері бір мезгілде шешіліп, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалады. Бұл жұмыстарға 8,5 трлн сум көлемінде қаржы бөлінеді. Сонымен қатар депутаттарға өз аймақтарында өзекті мәселелерді шешу үшін 500 млрд сум қарастырылған.

Жергілікті бюджеттердің қаржылық дербестігін арттыру да маңызды бағыттардың бірі болмақ. 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының бір бөлігі өңірлерде қалдырылады: Ташкентте — 5%, басқа аймақтарда — 20%. Оның жартысы тікелей аудан бюджеттеріне бағытталады. Бұл махаллалардың инфрақұрылымын жақсартуға қосымша ресурстар тартуға мүмкіндік береді.

Алғаш рет өңірлерге инфрақұрылымды дамыту үшін 20 трлн сум бөлінеді. Алайда бұл қаражат тек жұмыс орындарын құрып, халықтың табысын арттыратын нақты жобаларға ғана инвестицияланатын болады.

Урбанизация саласында 45 агломерациялық аумақ анықталып, «Тұрақты қала» платформасы іске қосылады. Ол қалалардың даму сапасын бағалауға және әр махалланың мәселесін анықтауға мүмкіндік беретін «өмір сүруге қолайлылық индексіне» негізделеді.

Экономикалық реформалар аясында негізгі салық мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады. Шағын және орта бизнесті қолдау үшін 140 трлн сум бөлініп, оның едәуір бөлігі әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталады. «Махаллада өнеркәсіп пен қызмет көрсету» жобасы арқылы мыңдаған жаңа өндірістік және сервистік жобалар іске асырылып, 100 мыңға жуық жұмыс орны ашу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік сала да назардан тыс қалмайды. Халықты спортқа тарту үшін жаңа нысандар салынып, бұл мақсатқа 1 трлн сум бөлінеді. Сонымен қатар мектеп кітапханалары жыл сайын 10 миллион көркем әдеби кітаппен толықтырылып, жастардың оқуға деген қызығушылығын арттыру көзделуде.

Осылайша, 2026 жыл Өзбекстанда махалланы қоғам дамуының өзегіне айналдыруға бағытталған ауқымды реформалар жылы болмақ.

Айта кетейік, махалла — белгілі бір аумақта тұратын тұрғындардың біріккен жергілікті қауымдастығы. Ол көрші-қолаңның өзара көмегіне, бірлік пен ынтымаққа негізделген. Махаллада әлеуметтік мәселелер шешіліп, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ жастар тәрбиесіне, қоғамдық тәртіп пен дәстүрді сақтауға көңіл бөлінеді. Қазіргі Өзбекстанда махалла ресми басқару жүйесінің маңызды бөлігі болып саналады.

댓글
기타 기사