Фаббинг – жасөспірімдер арасындағы қарым-қатынасқа қауіп төндіріп отыр

216
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/eA1Zo0xwqhxXj7cI8RcrXBdssip5wgptwncypmPU.webp

Қазіргі қоғамда смартфон өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда оны шектен тыс пайдалану жаңа әлеуметтік проблеманың – фаббингтің кең таралуына әкелуде. Фаббинг дегеніміз – әңгімелесіп отырған адамды елемей, назарды телефонға аудару. Бұл құбылыс әсіресе жасөспірімдер арасында жиі байқалады.

Термин «phone» (телефон) және «snubbing» (елемеу) сөздерінен шыққан. Мамандардың айтуынша, фаббинг кезінде адам сөйлесу үстінде смартфонды қайта-қайта тексеріп, виртуалды ақпаратты шынайы қарым-қатынастан жоғары қояды. Кей жағдайда телефонға берілген адам айналасында отырған жандарды мүлде ұмытып кетуі мүмкін.

Зерттеулерге сүйенсек, адамдардың 17 пайызы күніне кемінде төрт рет фаббинг жасайтынын, ал 32 пайызы оған тұрақты түрде тап болатынын жеткізген. Психологтар бұл әдеттің тұлғааралық қатынасқа кері әсер ететінін айтады. Әңгімелесуші өзін қажетсіз сезініп, түсінбеушілік пен реніш пайда болады. Сонымен қатар фаббинг құрметсіздік пен назарсыздық белгісі ретінде қабылданады.

Жасөспірімдердің фаббингке бейім болуына әлеуметтік желідегі жаңалықтардан қалмау ниеті, виртуалды ортада өзін сенімді сезіну, мазасыздықты смартфон арқылы жеңу талпынысы және мәртебелік бәсеке себеп болуда.

«Өркен» балаларды қолдау орталығы психологі София Башкаеваның айтуынша, ата-аналар ең алдымен баланың телефонға не себепті жиі алаңдайтынын түсініп, ашық диалог орнатуы тиіс. Сондай-ақ жасөспірімдерге спорт, шығармашылық, волонтерлік сияқты балама әрекеттер ұсынып, үйде гаджет қолдануға қатысты ортақ ережелер белгілеу маңызды.

Мамандар фаббингтен арылу үшін ас кезінде телефонды қолданбау, онлайн және офлайн уақытты жоспарлау, достармен кездескенде смартфонсыз болуға келісу секілді дағдыларды қалыптастыруды ұсынады.

Сарапшылардың пікірінше, фаббинг – цифрлық қоғамның жаңа сын-қатері. Жасөспірімдердің шынайы өмірге қызығушылығын арттыру, олармен сенімді қарым-қатынас орнату және қолдау көрсету – бұл әдеттің алдын алудың басты жолы.

댓글
기타 기사