Депутат тіл белсендісіне араша сұрап Бас прокурорға хат жазды

2417
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OIAc7HJmHODLAs8CrEJERzXTxhGaKRErSCe66nl1.jpg

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса түрмеде отырған белсенді Мирболат Мырзатайұлын босатуды сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Депутат Бас прокурор Берік Асыловтың атына ресми хат жолдады. Хат мәтіні «Қазақ үні» сайтында жарияланды.

Депутатқа бұл мәселе бойынша 261 азамат қол қойған ұжымдық өтініш түскені айтылды. Қазыбек Иса хатты осы өтініш негізінде жазғанын жеткізген.

Ол Мирболат Мырзатайұлының денсаулығы нашар екенін, кәмелетке толмаған балалары барын атап өткен.

«Семей ядролық сынағынан зардап шегіп, басында киста бар. Сонымен бірге сол жақ мойын тамыры 50 пайызға бітеліп, инсульт алу қаупі жоғары», — делінген хатта.

Депутаттың айтуынша, белсендінің әрекетінде қылмыс құрамы жоқ. Ал Мирболат Мырзатайұлының қазақ тілін талап етуі – қылмыс емес.

«Ешбір ұлтқа, тілге тіл тигізбеген. Мемлекеттік тілді заң аясында талап етті. Бұған бола соттау — заңда қарастырылмаған», — дейді Қазыбек Иса.

Хатта Бас прокурордан қылмыстық істі қайта қарап, мұқият тексеру сұралған.

Еске сала кетейік, Мирболат Мырзатайұлы «Көк-Төбе» ТК кооперативі басшысымен жанжалдасып, «мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттісіз» деген сөзі үшін істі болған. Сот оны ҚК 174-бап 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырған. Белсенді айыппен келіспейтінін мәлімдеген.

댓글
기타 기사