Жаға ұстатар бұл сорақылықты кім жасады?

1182
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Hic62PgJaU7nXIolsv6RVltPebx4Lj5QYHIxx2wC.jpg

Бүгін Алаштың аса  көрнекті қайраткері, жазушы-журналист, ұлт ұранының авторы Міржақып Дулатұлының туған күні, тура 140 жыл толды. Бәріміз аруағын тербетіп, есімін атап еске алып жатырмыз, дұрыс-ақ. Бірақ бізді мына бір жайт алаңдатып отыр.

1917 жылғы ІІ жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы жиынынан соң, елді бүліншіліктен қорғау үшін жер-жерде әскерге жігіт жинау ісі басталды. Міржақып Дулатұлы жанында атақты заңгер Айдархан Тұрлыбайұлы бар екеуі Қызылжар маңындағы Аққұсақ деген жерде төтенше жиын ашады. Шілдеде өткен бұл жиында ел-жұртқа Алаш идеясы түсіндіріліп, халықты қорғау туралы сөз болады. 

107 жыл өткенде осы аумаққа (Жамбыл ауданының Петровка ауылының маңы) мемлекеттік бюджетке қол салмай, жекелеген кәсіпкерлердің көмегімен мемориалдық кешен тұрғызылады. 

Қазіргі заманғы инженерлік-архитектуралық талаптарға сай жасалған, биіктігі 28 метр болатын еңселі ескерткіш 27 қыркүйекте ашылуы тиіс болған, уақыт жақындағанда ұйымдастырушылар қасақана қиратылған, бүлінген кезіне тап болады. 

Жаға ұстатар бұл сорақылықты кім жасады? Вандализммен жақсы дүниені бүлдіргендер кімдер? 

Кешенді жасаушылардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі техника, крандар, жұмысшылар жіберіп, кешенді талқандауды бастаған. Төбедегі қыранның символдық бейнесін, айналасындағы шам бағандарын, мемориалдық тақта сындырып, бұзып кетеді. 

Не үшін? Қандай мақсатта орындалды? Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен оның айтқанын екі етпейтін орынбасары Жүсіп Жұмағұлов басқаратын әкімдіктің ойынша, «Алаш» партиясына, Алаш Орда үкіметіне және оның көсемдеріне 28 метрлік мұндай керемет ескерткіш орнатуға болмайды-мыс. Солтүстік Қазақстан Газеті рас па?

Кешенді толық қиратуға дәттері жетпеген сияқты. Алаштың асыл азаматтарының рухы басты ма, әлде өзге бір себеп бар ма, облыс атқамінерлері мүлдем жойып жібере алмапты.

Енді не болмақ? Мұқым қазақ елінің алдында қарабет болмайын десе, облыс әкімдігі жіберген кемшілікті түзеп, ескерткішті қалпына келтіруі тиіс. Кешеннің ашылуын дұрыстап ұйымдастырып, ел-жұртқа паш етіп, Міржақып Дулатұлындай ұлы қайраткерге лайықты құрмет пен тағзымды асыруы керек. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі не дейсіздер? Бұл кешен тек Міржақыпқа ғана қатысты емес, осы өлкеге ғана тиесілі емес, Әлихан, Ахмет, Жаһанша, Мұхамеджан, Смағұл сынды тау тұлғаларға құрмет деп есептеледі.

Заңғар Кәрімхан

댓글
기타 기사